АВТОЛИЗИНГ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ ТАРҚАТЫЛДЫ

Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автолизинг тетігі кезең-кезеңімен кеңейтіліп жатыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында жаңа өзгерістерге қатысты бірқатар маңызды мәліметтерді жария етті. Оның айтуынша, алдағы уақытта автолизинг арқылы тек отандық емес, шетелден әкелінген көліктерді де сатып алуға мүмкіндік беріледі.

Комитет өкілінің сөзінше, автолизинг бағдарламасы аясындағы алғашқы қадам ForteLeasing арқылы жасалған. Бұл бағдарлама 3 жыл мерзімге 15 пайыздық мөлшерлемемен іске қосылған. Дегенмен алғашқы лектің нәтижелері бірқатар жүйелі мәселелерді анықтап берген. Осыған байланысты 2025 жылдың қараша айында жеке тұлғаларға автолизинг беруге қатысты заңнамаға өзгерістер енгізілген. Қазіргі таңда лизингтің жаңа регламенттерін әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл үдеріс инвесторлар, машина жасаушылар және министрлік арасындағы үшжақты келісім аясында жүзеге асуда. Мұхамед Андаковтың айтуынша, алғашқы кезеңде туындаған мәселелер жан-жақты талқылануда. Олардың қатарында Ұлттық экономика министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің ұсыныстары мен сұрақтары бар.
Негізгі түйткілдердің бірі — көлік иелігі мәселесі. Лизинг шарты бойынша автокөлік лизингтік компанияның атында қалады, ал оны күнделікті пайдаланатын — лизинг алушы. Егер жүргізуші жол ережесін бұзса, айыппұл көліктің заңды иесіне, яғни лизингтік компанияға рәсімделеді. Бұл тәжірибе Қазақстан үшін жаңа болғандықтан, осындай құқықтық және әкімшілік мәселелерді нақтылау қажеттігі туындап отыр. Комитет өкілінің айтуынша, барлық сұрақтар толық шешілгеннен кейін лизинг шарттары бойынша қосымша ақпарат жарияланады. Сонымен қатар, автолизинг арқылы алынатын көліктердің маркасына немесе шыққан еліне шектеу қойылмайтыны айтылды. Яғни, бағдарлама аясында Қазақстанда құрастырылған автокөліктермен қатар, шетелден әкелінген машиналарды да лизингке алу мүмкін болады. Бұл шешім нарықтағы таңдауды кеңейтіп, жеке тұлғалар үшін автокөлікке қолжетімділікті арттыруға бағытталған.
Мұхамед Андаков автонесиеге қатысты да мәлімет берді. Оның айтуынша, 4 пайыздық автонесие бағдарламасының револьверлік тетігі аясында қазіргі таңда 80 млрд теңге айналымда жүр. Ал қосымша бөлінген 100 млрд теңге қоғамдық көлік паркін жаңартуға бағытталып, негізінен автобустар сатып алуға жұмсалып жатыр. Жалпы алғанда, автолизинг пен автонесие саласындағы бұл өзгерістер көлік нарығын жандандыруға, азаматтардың жеке автокөлікке қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтуге және қоғамдық көлік инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған. Алдағы уақытта жаңа регламенттер бекітілген соң, жеке тұлғаларға арналған автолизинг тетігі нақты шарттармен толық іске қосылады деп күтілуде.