ЕРІКТІ БОЛУ – ЕРЛІКПЕН ТЕҢ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты М.Мәметова атындағы №111 жалпы орта білім беретін мектебінде Дүниежүзілік еріктілер күніне орай 11-сынып оқушылары үшін мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор арнайы тәрбие сағаты ұйымдастырылды. Қазіргі қоғамда ерікті болу — тек қоғамдық жұмысқа атсалысу ғана емес, әлеуметтік жауапкершілік пен белсенді азаматтық позицияны қалыптастыратын маңызды ұстаным. Сондықтан да мұндай іс-шаралар жасөспірімдер санасында дұрыс көзқарас қалыптастыруда айрықша рөл атқарады.

Тәрбие сағатында оқушыларға ерікті болудың мәні, оның қоғамдағы орны және жеке тұлғаның қалыптасуындағы маңызы кеңінен түсіндірілді. Жиын барысында мектептегі қауіпсіз орта құрудың тетіктері, әр оқушының өз әрекетіне жауап беру және қоғамдық тәртіпке үлес қосу жөніндегі мәселелер жан-жақты қарастырылды. Сабақтың негізгі идеясы — ерікті болу тек жақсылық жасау немесе көмек көрсету емес, өз ортаңдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысу екендігі ерекше атап өтілді. Іс-шараның ең маңызды тұсы — оқушылардың азаматтық жауапкершілікті сезінуіне, айналасына жанашырлықпен қарауына, қауіпті жағдайларды алдын ала болжай алуына бағытталған практикалық бөлімнің өткізілуі болды. Мұғалімдер оқушыларға төтенше жағдайларда дұрыс шешім қабылдай білу, бір-біріне қолдау көрсету, мектеп аумағында және қоғамдық ортада қауіп төндіретін кез келген әрекетті болдырмау жолдары туралы нақты мысалдар келтіріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Тәрбие сағаты барысында жастар ерікті қызметінің тек қоғамдық акциялармен шектелмейтінін, оның күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттерден басталатынын түсінді. Мысалы, мектеп ішіндегі тәртіпті сақтау, жаңадан келген оқушыларға қолдау көрсету, үлкендерге құрмет көрсету, сынып пен мектеп аумағындағы қауіпсіздік ережелерін сақтау — бұлардың барлығы да еріктілік мәдениетінің ажырамас бөлігі. Сонымен қатар ұйымдастырушылар еріктілердің қоғамға тигізетін пайдасын нақты деректермен түсіндіріп, әлемдік тәжірибелерден мысалдар келтірді. Дүниежүзілік еріктілер күнінің тарихы, халықаралық ұйымдардың еріктілермен жұмыс істеу жүйесі туралы ақпараттар оқушылардың танымын арттыра түсті. Жастардың өз ойларын ашық айтуына мүмкіндік берілген пікірталас алаңында оқушылар еріктілік туралы өз көзқарастарын ортаға салып, бүгінгі жас буынның қоғам алдындағы міндеттерін талқылады.
Тәрбие сағатының тағы бір ерекшелігі – білім ордасында қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастырудың жолдарын талдау болды. Оқушылар мектеп ішіндегі және сыртындағы қауіпті жағдайларға мысалдар келтіріп, оларды алдын алу бойынша ұсыныстар жасады. Бұл олардың тек тыңдаушы емес, белсенді қатысушы, пікір білдіруші тұлға екенін көрсетті. Жалпы өткен шара жасөспірімдерге ерікті қызметінің рухани маңызы мен әлеуметтік қажеттілігін жан-жақты түсіндіріп, олардың бойында жауапкершілік, жанашырлық, бастамашылдық және қоғамдық тәртіпке деген құрмет сияқты маңызды құндылықтарды қалыптастыруға бағытталды. Мұндай кездесулер жас буынның әлеуметтік белсенділігін арттырып қана қоймай, жарқын болашаққа бағытталған азаматтық ұстанымдарын нығайтады. М.Мәметова атындағы №111 мектепте ұйымдастырылған тәрбие сағаты оқушылар үшін пайдалы ақпаратқа толы, сонымен қатар олардың өмірлік көзқарастарының қалыптасуына ықпал ететін маңызды қадам болды.