ШЫМКЕНТТІК ОҚУШЫЛАР РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУДА ҮЗДІК НӘТИЖЕ КӨРСЕТТІ

2025 жылдың 26-28 қараша күндері Тараз қаласында өткен республикалық «Маралтай оқулары» шығармашылық байқауы еліміздің жас ақындары мен өнерлі өрендерін бір арнаға тоғыстырған маңызды мәдени шара болды. Байқау қазақ поэзиясының таланттарының бірі Маралтай Райымбекұлының шығармашылығын жас буынға насихаттауға, оқушылардың өнерге, әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға бағытталды. Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған жас дарындар додада шеберліктерін көрсетіп, поэзия әлеміндегі талпыныстарын танытты.

Шымкент қаласынан аттанған жас таланттар да бұл мәдени бәйгеде өз деңгейлерін көрсетіп, байқаудың қорытынды кезеңінде жарқырай көрінді. Қалалық мектептердің дарынды оқушылары екі күн бойы жыр додасында бақ сынап, шығармашылық қабілетін танытты. Байқау екі негізгі номинация бойынша ұйымдастырылды. Біріншісі – «Тарпаң мінезді Маралтай» атты ақынның өлеңдерін жатқа оқу сайысы, екіншісі – «Жас ғасыр, жаңа замана» деп аталатын жас ақындар мүшәйрасы. Әр номинация қатысушылардың дайындық деңгейін, көркем сөзге деген шеберлігін, ойды поэтикалық тілмен жеткізу қабілетін бағалауға бағытталды. Шымкенттік оқушылардың өнері қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Солардың ішінде Шымкент қаласы Білім басқармасына қарасты №118 «Көкбұлақ» жалпы орта мектебінің оқушысы Дарханбай Қаршыға «Жас ғасыр, жаңа замана» номинациясында ерекше көзге түсіп, сертификат иегері атанды. Жас ақынның шығармашылық жұмысы заманауи ойлаудың, поэзияны өзінше түсінудің жарқын үлгісі ретінде бағаланды. Қаршыға сөз саптау мәнерімен, өлең құрылымындағы ізденісімен, мазмұн тереңдігімен басқа қатысушылардан ерекшеленді.
Ал Фурқат атындағы №37 жалпы орта мектебінің оқушысы Қуанышқызы Әлия «Тарпаң мінезді Маралтай» номинациясында үздік өнер көрсетіп, жеңімпаздардың қатарынан көрінді. Әлия ақынның отты жырларын жатқа мәнерлеп оқып, Маралтай өлеңдеріндегі қайсар рухты, еркін мінезді, өрлікке толы поэтикалық бейнені тыңдаушыға айқын сезіндіре білді. Оның орындауындағы әр жол, әр буын ақын шығармашылығының табиғи болмысын аша түсті. Қазылар алқасы жас өреннің дауыс ырғағын, мәтін мазмұнын жеткізу шеберлігін жоғары бағалап, арнайы марапаттады. Шымкент қаласының қос өрені республикалық деңгейдегі бұл байқаудан жүлделі оралу арқылы қаланың білім беру жүйесіндегі эстетикалық тәрбие, өнерге баулу бағытындағы жұмыстың нәтижелі екенін тағы бір дәлелдеді. Бұл жеңістер мектеп ұстаздарының, жетекшілердің еңбегімен қатар, оқушылардың талабын, ізденісін, өнерге деген құштарлығын көрсетеді.
«Маралтай оқулары» – тек жарыс емес, поэзия әлемінде еркін тыныстауға мүмкіндік беретін рухани алаң. Мұнда жасөспірімдер тек жүлде үшін ғана емес, ақын-жазушылардың шығармашылығымен терең танысып, рухани байлықтарына байып, әдеби ортада шыңдалу үшін жиналады. Шара оқушыларға шабыт сыйлап қана қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға ықпал етті. Шымкент қаласының намысын қорғаған жас таланттардың бұл жетістігі өзге оқушыларға да үлгі болып, оларды әдебиетке, поэзияға, өнерге жақындата түсетіні сөзсіз. Осындай байқаулар жас буынды ұлттық өнерді қадірлеуге, өз ойларын шығармашылық тұрғыдан жеткізуге үйретіп, мәдениетіміздің дамуына үлес қосады.