БІЛІМ ОРДАСЫНДА БІРНЕШЕ МАҢЫЗДЫ ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №119 «Маятас» жалпы орта білім беретін мектебінде жасөспірімдерге қолайлы, қауіпсіз және тәрбиелік мәні жоғары білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында бірқатар маңызды бағыттар бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді. Цифрлық қауіпсіздік, салауатты өмір салты, құқық бұзушылықтың алдын алу және жасөспірімдер психологиясы сияқты өзекті мәселелерді қамтыған бұл шаралар мектептің тәрбие жұмысы жүйесінде айтарлықтай орын алады. Бұл бастамалар бүгінгі қоғам талаптарына сәйкес оқушыларды жан-жақты қолдауға, олардың ақпараттық, әлеуметтік және эмоционалдық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған. Әр тақырып аясында мектеп ұжымы, сынып жетекшілер, психологтар, мемлекеттік орган қызметкерлері бірлесе отырып, оқушыларға нақты ақпарат беретін практикалық жұмыстар жүргізді.

Қазіргі заманда интернет, әлеуметтік желілер және цифрлық технологиялар жасөспірім өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Осыған байланысты мектепте «Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам» тақырыбы бойынша кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру шаралары ұйымдастырылды. Сынып сағаттары барысында оқушыларға цифрлық ортада кездесетін киберқауіптер түсіндірілді. Кибербуллинг, фишинг, жалған ақпарат, құпия деректердің таралу қаупі секілді мәселелерге тоқталып, олардан қалай сақтану керектігі жөнінде нақты кеңестер берілді. Мектепке тиісті мемлекеттік органдардың мамандары шақырылып, оқушылармен тікелей пікірталас форматында жұмыс жүргізілді. Мамандар кибергигиена ережелерін сақтаудың маңызын атап өтіп, интернеттегі қауіптен қорғанудың заманауи тәсілдерімен таныстырды. Кездесулер барысында оқушылар өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, мобильдік құрылғылар мен әлеуметтік желілерді дұрыс қолдану, жеке ақпаратты қорғау, әлеуметтік желілердегі жауапкершілік сияқты маңызды бағыттарда пайдалы кеңестер алды. Бұл шаралар жасөспірімдердің цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, оларды ақпараттық кеңістіктегі қауіп-қатерден қорғауға бағытталған маңызды қадам болды.
«Өмірге салауатты қадам» тақырыбы аясында мектепте синтетикалық есірткі заттарының зияны туралы арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Соңғы жылдары есірткі заттарының жаңа түрлері мен жасөспірімдерге арналған жасырын қауіптердің артуы профилактиканың маңызын одан әрі күшейтті. Шара барысында мамандар оқушыларға есірткінің адам денсаулығына, психикасына, болашағына тигізетін кері әсерін түсіндірді. Салауатты өмір салтының маңыздылығы, зиянды әдеттерден аулақ болудың пайдасы нақты мысалдармен жеткізілді. Жиында оқушылар бейнероликтер, интерактивті тапсырмалар және пікірталас әдістері арқылы ақпарат алды. Әңгіме барысында жасөспірімдер есірткінің таралу жолдарын, оның салдарын және одан сақтанудың жолдарын терең түсінді. Мұндай жұмыстар оқушылардың зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстап, дұрыс өмірлік таңдаулар жасауына ықпал етеді. Сонымен бірге оларды жауапкершілікке, өзін-өзі бақылауға және саналы азамат болуға бағыттайды.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында мектеп психологы мен сынып жетекшілері 5-6 және 7-10 сыныптың қыз оқушыларымен арнайы психологиялық тренингтер мен әңгімелесу сабақтарын ұйымдастырды. Қыз балалармен жеке және топтық форматта өткізілген тренингтердің негізгі мақсаты — жасөспірімдердің жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету, эмоциялық тұрақтылықты арттыру және өзін-өзі бағалауды нығайту. Тренингте жеке шекара ұғымы және оны сақтау, қауіпті жағдайларды ажырата білу, жәбір көрсету, алдау, манипуляциядан қорғану тәсілдері, эмоцияны басқару және күйзеліс жағдайында дұрыс әрекет ету және өз пікірін ашық айту және қажет болғанда көмек сұрау сынды тақырыптар талқыланды. Психолог әр қыз баланың ішкі жан дүниесіне назар аудара отырып, жасөспірімдік кезеңнің қиындықтарын жеңуге байланысты практикалық жаттығулар өткізді. Жасөспірімдер өз ойларын еркін айтып, тренингке белсенді қатысты.
№119 «Маятас» жалпы орта мектебінде жүргізілген профилактикалық шаралар оқушылардың жан-жақты дамуына, мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға, өмірлік бағыт-бағдарын айқындауға бағытталған маңызды қадам болды. Бұл жұмыстар жасөспірімдердің ақпараттық ортада сауатты болуына, зиянды әрекеттерден сақтануына және жеке тұлға ретінде қалыптасуына зор ықпал етеді. Мектептің тәрбие жүйесіндегі мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, оқушылардың қауіпсіздігі мен дамуын қамтамасыз етуге қызмет ететіні сөзсіз.