ЗАМАНАУИ ӘДІС-ТӘСІЛДЕР – ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҮЙРЕТЕТІН ТИІМДІ ҚҰРАЛ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №66 «Қазығұрт» жалпы орта білім беретін мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті апталығы аясында мазмұны терең, әдістемелік тұрғыдан жаңашыл ашық сабақ ұйымдастырылды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Б.К.Құрманбекова 9 «Е» сынып оқушыларымен Махамбет Өтемісұлының «Мен, мен едім, мен едім» өлеңін талдауға арналған сабақ өткізіп, оқушылардың шығармашылық ойлау қабілетін, талдау дағдыларын және ұлттық әдебиетке деген құрметін арттырды.

Сабақтың негізгі мақсаты – эпикалық, поэтикалық, драмалық мәтіндердегі композициялық амалдарды талдау дағдысын қалыптастыру болғанымен, ұстаз мазмұн межесінен бөлек оқушылардың зияткерлік қабілетін арттыру, құндылықтарға негізделген ой жүйесін дамыту, ұлттық рухты сезіне білуін нығайту бағытында да жұмыс жүргізді. Махамбет жырларының батырлық рухы мен әділеттілікке үндеуі жас буын үшін әрдайым тәлімі терең, мәні биік дүниелер болып саналады. Ұлт тарихында терең із қалдырған ақынның жырлары еркіндік пен қайсарлықты дәріптейді. Сабақ барысында дәл осы идеяларды оқушыларға жеткізу үшін түрлі әдістер қолданылып, оқыту процесі заманауи технологиямен үйлестірілді. Сабақтың басында өткен тақырыпты пысықтау үшін «QR» әдісі қолданылды. Бұл әдіс оқушылардың қызығушылығын оятып, ақпаратты жылдам, интерактивті түрде еске түсіруге мүмкіндік берді. Әрбір QR-код ішінде Махамбет шығармашылығына қатысты сұрақтар, қысқаша үзінділер және композициялық құрылымға байланысты тапсырмалар жасырылған. Оқушылар кодты сканерлеп, білімін бекітті. Одан кейін «Болжау» әдісі арқылы жаңа сабақтың құндылықтары ашылды. Оқушылар сабақтың тақырыбын анықтай отырып, өлеңнің негізгі идеясы, ақынның ой-толғамы және көтерген мәселесі жөнінде өз пікірлерін ортаға салды.
Сабақтың бір ерекшелігі – жасанды интеллект көмегімен Махамбет өлеңін тыңдату болды. Бұл тәсіл өлеңнің интонациялық құрылымын, эмоционалдық әсерін сезінуге мүмкіндік берді. Тыңдалымнан кейін оқушылар өлеңді өздері жалғастырып оқып, мәнерлеп жеткізді. Жасанды интеллект технологиясын қолдану – білім алушылардың заманауи талаптарға бейімделуіне жол ашатын тиімді құрал. Оқушылар өлеңді талдау барысында оның композициялық құрылымын жүйелі жіктеп, сюжеттік желісін анықтады. Өлеңдегі қайталамалардың эмоционалдық күші, риторикалық сұрақтардың мәні, көркемдегіш құралдардың пайдалану ерекшеліктері сараланып, талдау дәйектемемен жүргізілді. Махамбет жырларындағы ішкі қуат, ерлікке үндейтін пафос, әділетсіздікке қарсы күрес идеялары талдау барысында негізгі назарда болды. Бұл өлеңнің батыл рухы оқушылардың бойында отансүйгіштік сезімін, өз пікірін еркін айту мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті. Композициялық-сюжеттік талдау барысында өлеңнің кіріспе, даму, шарықтау, шешім кезеңдері анықталып, әр бөліктің идеялық мәні түсіндірілді. Оқушылардың пікірінше, өлеңдегі «Мен, мен едім» деп басталатын поэтикалық қайталаулар – ақынның өз тұлғалық ұстанымын айшықтайтын ерекше тәсіл.
Әдеби шығарма тек талдау нысаны ғана емес, өмірлік ой түюге көмектесетін тәлім құралына айналды. Тапсырмалар арқылы оқушылар ішкі ынтамен жұмыс жасап, мәнді ой қалыптастырды. Жауапкершілік, еркін пікір айту, өз ойын дәлелдеп шығу дағдылары дамыды. Махамбет сынды тұлғалардың мұрасын оқу – оқушы санасының биіктеуіне мүмкіндік беретін ерекше рухани тәжірибе. Сабақ соңында оқушылар SMS форматында кері байланыс беріп, сабақтан алған әсері мен білімін қысқаша қорытындылады. Бұл тәсіл оқушылардың еркін ой айту дағдысын қалыптастыруға, сабақта алған ақпаратты жүйелеуге бағытталған. Бағалау кезеңінде «Бәйге» әдісі қолданылды. Жарыс түріндегі бұл бағалау моделі оқушыларды ынталандырып, бәсекелестік орта қалыптастырды. Әрбір дұрыс жауап шапшаңдықпен, жауапкершілікпен және ой дәлдігімен бағаланды. Үй тапсырмасы ретінде оқушыларға өлеңге сатылай-кешенді талдау жасау тапсырылды. Бұл – шығарманы терең түсініп, өзіндік талдау дағдысын қалыптастыратын маңызды жұмыс.
Сабақ барысында оқушылар Махамбет жырларының идеялық ерекшелігін түсініп қана қоймай, әдеби талдау шеберлігін де шыңдады. Шығарманы саралау кезінде олардың кітапқа қызығушылығы артқаны, пәнге деген ықыласы күшейгені анық байқалды. Оқушылардың зияткерлік тұлғасын дамытудағы сабақтың рөлі айқын сезілді. Махамбеттей тарихи тұлғаның шығармашылығына терең үңілу арқылы оқушылар өз Отанын сүюге, ерлік пен әділдікті қадірлеуге, рухани биік болуға үндейтін ой түйді. Қорыта айтқанда, №66 «Қазығұрт» мектебіндегі бұл сабақ – дәстүрлі әдеби білімді заманауи әдістермен ұштастырған, оқушының жан дүниесіне әсер ететін, ойлау мәдениетін қалыптастыратын тағылымды іс-шара болды. Махамбет шығармашылығын талдау жас ұрпақтың ұлттық рухын күшейтіп, әдебиетке деген ықыласын оятты, ал сабақта қолданылған әдістер қазіргі білім берудің тиімді үлгісін айқын көрсетті.