ЖАҢА ФОРМАТТАҒЫ ЗИЯТКЕРЛІК ДОДА ӨТТІ

Шымкент қаласында білім беру саласындағы басқарушылық мәдениетті дамытуға бағытталған маңызды іс-шара өтті. Тарқатсақ, қалалық білім басқармасының Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен №145 жалпы білім беретін мектеп базасында білім беру ұйымдарының басшылары арасында «Director’s CUP» республикалық турнирінің қалалық іріктеу кезеңі өткізілді. Жаңа серпінге ие бұл турнир Қазақстан мектеп директорларының кәсіби диалогқа, пікірталасқа және интеллектуалдық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған игі бастамалардың бірі ретінде ерекшеленді.

Заманауи білім беру жүйесінде басшылардың азаматтық белсенділігі, лидерлік дағдылары, сыни және жүйелі ойлау қабілеті маңызды рөл атқарады. Сондықтан турнирдің негізгі мақсаты – мектеп директорларының жан-жақты ойлауын шыңдап, шешендік өнерін жетілдіру, мемлекеттік деңгейдегі мәні бар мәселелерді талқылаудағы мәдениетін қалыптастыру болды. Пікірталас алаңы ретінде ұйымдастырылған бұл сайыс білім беру жетекшілерінің өзара пікір алмасуына, идеяларымен бөлісуіне, басқарушылық тәжірибесін кеңейтуіне қолайлы жағдай жасады. Турнир АПФ (америкалық парламенттік форматы) және ЛД (Линкольн-Дуглас) форматтарында өтті. Бұл форматтар әлемдік дебат тәжірибесінде кеңінен танылған және күрделі қоғамдық тақырыптарды талдауға, дәлелдер жүйесін құруға, сұрақ-жауап мәдениетін жетілдіруге мүмкіндік береді. Қатысушылар іріктеу, жартылай финал және финал кезеңдерінен өтіп, әр кезеңде өз стратегиялық, логикалық және шешендік мүмкіндіктерін көрсетті.
Қалалық іріктеу кезеңі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. №145 мектептің материалдық-техникалық базасы, дебат өткізуге арналған кабинеттердің дайындалуы, сарапшылар құрамының кәсіби деңгейі сайыстың әділ әрі тиімді өтуіне сеп болды. Турнирге қатысқан мектеп басшылары білім саласындағы өзекті тақырыптарды қозғап, әлемдік және ұлттық деңгейдегі білім саясатына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Пікірталас барысында талқыланған мәселелер қатарында білім сапасын арттыру, педагог мәртебесі, цифрлық трансформация, инклюзивті білім беру, мектеп басқаруындағы инновациялар және қоғам мен мектеп арасындағы байланыстардың жаңа формалары секілді маңызды тақырыптар болды. Бұл турнирдің тек жарыс емес, сонымен бірге білім саласындағы маңызды ой-пікір алаңына айналғанын көрсетті. Қалалық кезеңнің нәтижесінде үздік деп танылған екі қатысушы Атырау қаласында өтетін республикалық «Director’s CUP» турниріне жолдама алды. Олар — №1 «Talant» жалпы білім беретін мектебінен Арғынбай Рахат Ердәулетұлы және №143 жалпы орта білім беретін мектебінен Сүлейменова Мейра Сапарбековна. Бұл мектеп директорлары қалалық кезеңде жоғары кәсіби дайындық, терең талдау, сенімді сөйлеу мәдениеті және көшбасшылық қасиеттерімен ерекшеленді. Олардың республикалық деңгейде де асқан жауапкершілікпен өнер көрсетіп, Шымкенттің намысын абыроймен қорғайтыны сөзсіз.
Мектеп жетекшілері арасындағы мұндай интеллектуалдық сайыстар бірнеше маңызды нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Олардың қатарына басқарушылардың коммуникациялық және шешендік дағдыларын дамыту, білім беру саясатына қатысты өзекті мәселелерді ашық талқылау мәдениетін нығайту, мектеп басшыларының кәсіби қоғамдастығын қалыптастыру, көшбасшылық біліктерді шыңдау және тәжірибе алмасу, сонымен қатар білім беру ұйымдарының даму стратегиясын жетілдіруге ықпал ету сынды бағыттарды жатқызуға болады. Турнир пікірталас мәдениетін тек оқушылар арасында ғана емес, білім беру ұйымдарын басқарушы тұлғалар арасында да қалыптастырудың жаңа кезеңі ретінде бағаланады. Шешім қабылдауға, стратегиялық ойлауға жауапты басшылардың осындай зияткерлік бәсекеге қатысуы жалпы білім беру жүйесінің кәсіби деңгейін арттыруға негіз болады.
«Director’s CUP» турнирінің Шымкент қаласындағы іріктеу кезеңі білім беру саласында жаңашыл ойлау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды. Бұл тек жарыс емес, мектеп басшыларының басқарушылық потенциалын тереңінен көрсеткен, олардың кәсіби дамуына тың серпін берген алаңға айналды. Атырауда өтетін республикалық кезеңге бағыт алған шымкенттік қатысушылардың жеңісті жолы өзгелерге үлгі болып, келешек турнирлерге қатысушылардың қызығушылығын арттыра түсетіні анық. Білім саласын жаңғырту жолында мұндай бастамалардың маңызы зор, ал басшылар арасындағы диалог мәдениетін дамыту – сапалы білімнің маңызды кепілі.