ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – БІЛІМ БЕРУ ІСІНДЕГІ МАҢЫЗДЫ БАҒЫТ

Білім беру жүйесінде соңғы жылдары оқыту процесін ұлттық құндылықтармен үйлестіру, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру және жаңа технологияларды тиімді пайдалану маңызды басымдықтардың біріне айналды. Осы бағыттарға негізделген әдістемелік жұмыстар педагогтердің кәсіби деңгейін көтеріп қана қоймай, оқу үдерісінің сапасын жақсартуға ықпал етеді. Шымкент қаласындағы №66 «Қазығұрт» мектебінде өткізілген тәжірибелік семинар осы мақсаттардың жүзеге асуын нақты көрінісі болды.

Семинар «Бастауыш сыныпта құндылыққа негізделген білім беру және функционалдық сауаттылық» тақырыбында ұйымдастырылып, бастауыш буын мұғалімдеріне арналған маңызды кәсіби алаңға айналды. Шараның негізгі мақсаты – оқытудағы ұлттық құндылықтарды жаңғырту, функционалдық сауаттылықты дамыту және жасанды интеллект құралдарын оқу процесінде тиімді қолдану арқылы білім сапасын арттыру. Ұлттық құндылықтарға негізделген білім беру – баланың тұлғалық дамуының негізгі тірегі. Семинар барысында педагогтер оқушыларға ұлттық рухты, адамгершілік қасиеттерді, туған жерге сүйіспеншілікті дарыту жолдарын талқылады. Мұғалімдер оқыту барысында салт-дәстүр, мәдени мұра, ата-баба өнегесі секілді элементтерді заманауи әдістермен біріктірудің тиімді тәсілдерін үйренді. Бұл – баланың тек білім алуына емес, оның мінез-құлқының, дүниетанымының қалыптасуына да ықпал ететін маңызды бағыт. Функционалдық сауаттылықты дамыту мәселесі де семинардың негізгі арқауы болды. Қазіргі білім беру жүйесі оқушылардың алған білімін өмірде қолдана алуын, тапсырмаларды талдап-шеше білуін, ақпаратты сүзгіден өткізіп пайдалануын талап етеді. Педагогтер осы дағдыларды бастауыш сыныптан бастап қалыптастыруға арналған әдіс-тәсілдермен танысты. Логикалық тапсырмалар, мәтінмен жұмыс, жобалық әрекет, ситуациялық тапсырмалар – мұның барлығы оқушының ойлау қабілетін дамытып, өмірлік дағдыларды қалыптастыруға ықпал ететіні атап өтілді.
Семинардың тағы бір маңызды бағыты – сабақ барысында жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдану тәжірибесін меңгеру болды. Мұғалімдерге жасанды интеллектінің оқу материалына бейімделген тапсырмалар жасау, визуалды контент дайындау, қосымша дереккөздерге жедел қол жеткізу және оқушыға жекеленген қолдау көрсету мүмкіндіктері таныстырылды. Жасанды интеллект құралдары оқытушы еңбегін жеңілдетіп қана қоймай, оқушылардың қызығушылығын арттырып, олардың танымдық белсенділігін күшейтетінін тәжірибелік мысалдар арқылы көрді. «Адал азамат» жобасы аясында патриоттық тәрбие беру мәселесі де семинарда кеңінен талқыланды. Жоба оқушыларды әділдікке, жауапкершілікке, отансүйгіштікке баулуды көздейді. Мұғалімдер балаларға адалдық, еңбекқорлық, бейбітшілік пен бірлік сияқты құндылықтарды сабаққа кіріктіру бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Семинар педагогтер үшін кәсіби құзыреттілікті арттырудың тиімді алаңы болды. Қатысушылар алған білімдерін өз тәжірибесінде қолдану арқылы сабақ мазмұнын байытып, оқыту әдістерін жетілдіре алады. Мұндай семинарлар бастауыш буын мұғалімдеріне жаңа бағыттарды меңгеруге, білім беру үдерісін заман талаптарына сай бейімдеуге және оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасауға мүмкіндік береді.
№66 «Қазығұрт» мектебінде өткен іс-шара – ұлттық құндылықтарды, функционалдық сауаттылықты және цифрлық дағдыларды үйлестіре отырып, білім сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір көрінісі. Мұндай бастамалар білім беру саласында жаңа мүмкіндіктер ашып, педагогтердің кәсіби өсуін қолдауға және оқушылардың сапалы білім алуына зор үлес қосады.