ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРДЫ ҚОЛДАУ – ҚОҒАМНЫҢ ОРТАҚ МІНДЕТІ

Шымкент қаласы соңғы жылдары инклюзивті білім беру бағытын дамытуға басымдық беріп келеді. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың әлеуетін ашу, олардың сапалы білім алуына, қоғамға толыққанды араласуына жағдай жасау – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру және қоғамдағы барлық тараптың жауапкершілігін күшейту мақсатында Шымкент қаласы Әдістемелік орталығы «Бала бақыты – ортақ жауапкершілік» тақырыбында кең көлемдегі дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қолдау көрсетудің тиімді жолдарын талқылау, олардың бақытты өмір сүруіне жағдай жасауда ата-аналар, педагогтар, мамандар мен жалпы қоғамның ортақ міндетін түсіндіру. Заманауи білім беру жүйесінде инклюзивті қағида білімнің қолжетімділігін ғана емес, балалардың әлеуметтенуін, психологиялық қолдауды және әрқайсысының жеке қабілетін дамытуға бағытталған. Дөңгелек үстелге білім беру ұйымдарының өкілдері, арнайы педагогтер, психологтар, қоғамдық ұйым мүшелері, денсаулық сақтау саласының мамандары және ата-аналар қауымдастығының белсенділері қатысты. Бұл кездесу түрлі саланың тәжірибесін біріктіріп, ерекше балалардың қажеттіліктерін жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді.
Кездесу барысында бірнеше өзекті мәселе көтерілді. Соның бірі – ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау жүйесін дамыту. Қатысушылар инклюзивті білім берудің тек мектеп қабырғасымен шектелмейтінін, оған ерте даму, арнайы түзету қызметтері, психологиялық-педагогикалық қолдау, қолжетімді инфрақұрылым және ата-аналармен тығыз байланыс секілді кешенді жұмыстар қажеттігін атап өтті. Қолжетімді орта қалыптастыру мәселесі де маңызды тақырыптардың бірі болды. Бұл – мектеп ғимараттарындағы кедергісіз ортадан бастап, оқу материалдарының бейімделуіне дейінгі ауқымды процесс. Физикалық және ақпараттық қолжетімділік ерекше балалардың өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне зор ықпал ететіні айтылды. Ата-аналармен және қоғамдық ұйымдармен өзара ықпалдастықты арттыру да дөңгелек үстелдің негізгі бағыттарының бірі болды. Ерекше қажеттілігі бар балалардың дамуы үшін отбасының рөлі айрықша. Ата-ананың психологиялық дайындығы, ақпараттануы және мамандармен жүйелі байланысы – оң өзгерістердің негізгі факторы. Қоғамдық ұйымдармен әріптестік орнату да қолдау жүйесін кеңейтіп, балаларға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Іс-шара соңында барлық қатысушы кері байланыс беріп, алдағы кезеңде жүзеге асырылатын бірлескен жұмыс бағыттары талқыланды. Ұсыныстар қатарында педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру, арнайы мамандар санын көбейту, ата-аналарға арналған кеңес беру орталықтарын ашу, инклюзивті инфрақұрылымды жетілдіру және қоғамда түсіндіру жұмыстарын күшейту сияқты бастамалар бар. «Бала бақыты – ортақ жауапкершілік» атты бұл дөңгелек үстел – ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың құқығы мен мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Мұндай шаралар қоғамның инклюзивті мәдениетін қалыптастыруға, балалардың білім мен өмір сапасын жақсартуға және олардың бақытты өмір сүруіне жол ашады.