ЕЛІМІЗДЕ МЕДИЦИНА МАМАНДАРЫ ТАПШЫ

A symbol of health and the globe on the virtual screen.
білікті кадрлардың шетелге кетуі мәселені ушықтырып отыр…
Еліміздегі денсаулық сақтау жүйесінде ұзақ жылдар бойы кадр тапшылығы байқалып келеді. Соңғы жарияланған ресми мәліметтер бұл мәселенің уақыт өткен сайын күрделеніп бара жатқанын көрсетеді. Мәжілістің жалпы отырысында Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев елдегі медицина қызметкерлерінің жағдайына қатысты бірқатар маңызды деректерді жариялап, саланың кадрлық дағдарыс алдында тұрғанын атап өтті.
Вице-министрдің сөзінше, бүгінде елімізде шамамен 4 мың дәрігер мен 5 мыңға жуық орта буын медицина маманы жетіспейді. Бұл — жалпы денсаулық сақтау жүйесінің жүктемесін арттырып, жұмыс істеп жүрген мамандарға қосымша қысым түсіретін елеулі көрсеткіш. Емханалар мен ауруханалардағы ұзын-сонар кезектер, учаскелік дәрігерлердің шамадан тыс жүктемесі, мамандандырылған көмекке қолжетімділіктің төмендеуі — осы тапшылықтың тікелей салдары. Жиында медицина қызметкерлеріне жасалатын күш қолдануға байланысты нақты статистика жоқ екені де айтылды. Алайда мамандардың жұмыстан босауына немесе саланы тастап кетуіне ықпал ететін факторлар аз емес. Соның ішінде қоғамдағы агрессия, моральдық қысым, төмен жалақы, жұмыс жағдайының ауырлығы және кәсіби қолдаудың жеткіліксіздігі жиі аталады.
Медицина жүйесіндегі тағы бір алаңдатарлық құбылыс — білікті дәрігерлердің шетелге кетуі. Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, соңғы 5 жыл ішінде Қазақстаннан басқа елдерге жұмыс істеуге шамамен 2 500 дәрігер көшіп кеткен. Бұл — орташа есеппен жыл сайын 500 маманның елден кетуі деген сөз. Мұндай көрсеткіш еліміздегі кадр тапшылығын одан әрі күшейтіп, саланың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Сарапшылардың ойынша, білікті мамандардың шетелге кету себептерінің қатарында жалақының жеткіліксіздігі, еңбек жағдайының ауырлығы және дамыған елдердегі әлеуметтік кепілдіктердің жоғары деңгейде ұсынылуы бар. Жақсы жабдықталған клиникаларда жұмыс істеу, заманауи технологияларға қол жеткізу және халықаралық тәжірибемен жұмыс істеу — отандық мамандар үшін тартымды ұсыныстардың бірі.
Дәрігерлердің тапшылығы тек кадр мәселесі емес, ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі стратегиялық мәселе болып отыр. Өйткені денсаулық сақтау — халықтың өмір сапасы мен елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына тікелей әсер ететін сала. Маман жетіспеушілігі ұзақмерзімді перспективада аурушаңдықтың артуына, профилактикалық жұмыстардың тежелуіне және медициналық қызметтің сапасының төмендеуіне алып келуі мүмкін. Бұл жағдайдан шығу үшін кешенді шаралар қажет. Ең алдымен, медицина қызметкерлерінің еңбегін материалдық және моральдық қолдау жүйесін күшейту маңызды. Сондай-ақ отандық медициналық білім беру сапасын арттыру, жас мамандарды ауылдық аймақтарға тартатын тиімді бағдарламалар жасау, шетелге кетіп қалған дәрігерлерді елге қайтаруға арналған ынталандыру тетіктерін қарастыру қажет. Саладағы кадр дағдарысы туралы жарияланған деректер медицина жүйесінде түбегейлі реформалардың қажеттігін айқын көрсетіп отыр. Денсаулық сақтау саласының бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығы кәсіби мамандарды сақтап қалуға тікелей байланысты. Сондықтан мәселенің салдарынан бұрын, себебімен күресіп, ұтымды бастамаларды қазірден қолға алудың маңызы айрықша. Әйтпегенде сапалы маманға деген тапшылықтың орны тола қоймасы анық.
Ж.БАЛАУСА.




