КОММУНАЛДЫҚ ТАРИФТЕРДІ КӨТЕРУГЕ МОРАТОРИЙ ЕНГІЗІЛГЕН

әлем елдерінің бұл бағытқа жұмсайтын шығыны қанша?
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің құны елдегі әлеуметтік жағдайдың маңызды көрсеткіштерінің бірі саналады. Қазақстанда бұл бағыттағы шығындардың деңгейі жиі талқыланатын тақырыптардың қатарында десек, артық айтпаған болар едік. Осы орайда, «Numbeo» халықаралық деректер базасының мәліметтері негізінде жүргізілген салыстырмалы талдау Қазақстандағы коммуналдық қызмет шығындарының әлемдік деңгеймен салыстырғанда едәуір төмен екенін көрсетті.
Тарқатар болсақ, зерттеу электр энергиясы, жылыту, ауа баптау, сумен қамту және қоқыс шығару қызметтерінің бағасы бойынша, ауданы 42,5 шаршы метр болатын орташа пәтерге арналған шығындар негізінде жасалған. 2025 жылғы 24 қыркүйектегі деректерге сүйенсек, Қазақстан тұрғындары коммуналдық қызметтерге айына орта есеппен 27,1 АҚШ долларын немесе шамамен 15 мың теңгені жұмсайды. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан 127 елдің ішінде 98-орында тұр және әлемдегі ең төмен тарифтер қатарына кіреді. Посткеңестік кеңістіктегі елдер арасында Қазақстандағы коммуналдық қызмет бағасы ең төмендердің бірі. Әзербайжанда бұл қызмет түрлеріне айына шамамен 30 доллар, Украинада 47,6 доллар, Ресейде 57,2 доллар, Арменияда 60,5 доллар, ал Молдовада тіпті 88,4 доллар жұмсалады. Тек 25,5 доллармен Беларусь және 26,8 доллармен Өзбекстан Қазақстанға жақын деңгейде. Ал Тәжікстан мен Қырғызстанда шығын мөлшері біздегіден төмен. Айта кетерлігі, Балтық елдерінде тарифтердің қымбаттығы анық байқалады. Көрсеткішке ойыссақ, біз сөз етіп отырған шығын көлемі Эстонияда 161,9 доллар, Латвияда 159,6 доллар, Литвада 120,2 доллар деңгейінде. Бұл елдер әлем бойынша тұрғын-үй коммуналдық қызметтерінің қымбаттылығы жөнінен алғашқы жиырмалыққа кіреді. Грузияда да коммуналдық қызмет бағасы Қазақстаннан жоғары, шамамен 37,1 доллар болып отыр. Еуропаның дамыған елдерінде де коммуналдық қызметтер айтарлықтай қымбат. Бұл бағытқа Ұлыбританияда 162,2 доллар, Германияда 177,6 доллар, Австрияда 193,6 доллар жұмсалады. Бұл Қазақстан көрсеткішінен жеті есеге жуық көп.
Алайда халықаралық салыстыру тек бағаларға қарап жасалмауы керек. Баса назар аударатын мәселе — коммуналдық шығындардың халық табысымен салыстырғандағы үлесі. «Numbeo» мәліметтері бойынша, Қазақстандағы салықтарды алып тастағандағы орташа жалақы 531,5 долларды немесе шамамен 290 мың теңгені құрайды. Бұл Ұлттық статистика бюросының медианалық жалақы деректерімен шамалас. Осы табыс деңгейіне сүйенсек, Қазақстанда коммуналдық қызметтердің үлесі жалақының небәрі 5,1 пайызын құрайды. Бұл да — әлем бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі. Мысалы, Өзбекстанда бұл үлес — 5,4 пайыз, Тәжікстанда — 8,1 пайыз. Тарифтері Қазақстаннан жоғары елдерде жүктеме де айтарлықтай жоғары, яғни Әзербайжанда — 6,6 пайыз, Грузияда — 6,7 пайыз, Ресей мен Литвада — 7,6 пайыз. Украинада үлес 10 пайызға, Латвияда 11,8 пайызға, Молдовада 12,6 пайызға жетеді. Ал табысы жоғары елдерде коммуналдық шығындардың жалақыдағы үлесі өте төмен. Мәселен, Катарда 1,2 пайыз, Кувейт пен Исландияда 0,9 пайыз болып отыр. Керісінше, табысы төмен елдерде бұл шығын түрі тым жоғары. Сирияда коммуналдық төлемдер жалақының 78 пайызына тең. Бұл — әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Қазақстанның ресми статистикасына көз жүгіртсек, нақтырағы, Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, биылғы жылдың бірінші тоқсанында қазақстандық отбасының тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге және үйді күтіп ұстау мен жөндеуге айына жұмсаған орташа шығындары 23 мың теңгені құрады. Бұл көрсеткіш «Numbeo» мәліметтерімен шамалас және шығындардың жалпы отбасы бюджетінің 6,6 пайызына тең екенін көрсетеді. Бұл үлес соңғы жылдары тұрақты деңгейде сақталып келеді. Қорыта айтсақ, Қазақстанда коммуналдық қызметтердің құны абсолюттік тұрғыдан да, халық табысымен салыстырғанда да төмен деңгейде қалып отыр. Дегенмен әлеуметтік тұрмысы төмен топтар үшін мұндай төлемдер де ауыр болуы мүмкін. Осы ретте тұрғын үй көмегі жүйесінің жұмыс істеуі маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар Үкімет 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін коммуналдық тарифтерді көтермеу туралы шешім қабылдағанын жариялады. Қош делік, халықаралық салыстырулар Қазақстандағы жағдайдың салыстырмалы түрде қолайлы екенін көрсеткенімен, тариф саясатының тиімді жүргізілуі, әлеуметтік осал топтарды қорғау және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері өзекті күйінде қалып отыр…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.




