«БАЛА ҚҰҚЫҒЫ – БАСТЫ НАЗАРДА» АТТЫ АҚПАРАТТЫҚ ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Қазақстанда жыл сайын «Балалар еңбегін қанауға қарсы 12 күн» ұлттық ақпараттық науқаны өткізіліп, қоғамның назарын балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне аударуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылады. Осы маңызды бастама аясында Шымкент қаласындағы №54 жалпы орта білім беретін мектебінде 9-11-сынып оқушылары арасында «Бала құқығы – басты назарда» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл іс-шара жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, балалар еңбегінің заңсыз түрлерін болдырмауға, ата-аналар мен қоғамның жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.

Әлемдік тәжірибеде балалар еңбегін пайдалану – аса өзекті әлеуметтік мәселе. Халықаралық еңбек ұйымы балалардың психикалық және физикалық дамуына кері әсер ететін, денсаулығына қауіп төндіретін жұмыс түрлерін қатаң бақылауды талап етеді. Қазақстан да бұл бағытта бірқатар маңызды қадамдар жасап келеді. Осы тұрғыда білім беру ұйымдарының атсалысуы, балаларға құқықтық сауаттылық беруі ерекше маңызға ие. №54 мектептің ұжымы да бұл бастаманы қолдап, жасөспірімдерге құқықтық нормалар туралы жан-жақты ақпарат беруді қолға алды. Өткізілген іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне көңіл бөлу, оларды еңбекті қанаудың кез келген түрінен қорғау қажеттігін түсіндіру, құқықтық сауаттылықты арттыру. Әсіресе, жасөспірімдер арасында еңбек келісімшарттары, жұмысқа орналастыру талаптары, кәмелетке толмағандардың еңбек етуге қатысты заңнамалық шектеулері туралы мағлұмат беру маңызды. Себебі көптеген оқушылар өз құқығынан хабарсыз болып, кей жағдайда өз құқықтарын білмей, заңсыз жұмысқа тартылуы мүмкін. Бұл олардың денсаулығына, оқу үлгеріміне және психологиялық ахуалына зиянын тигізуі ықтимал.
Іс-шара барысында оқушыларға балалардың негізгі құқықтары туралы жан-жақты түсінік берілді. Әр бала білім алуға, демалуға, қауіпсіз ортада өмір сүруге, денсаулығын қорғауға құқылы екені айтылды. Сонымен қатар балалар еңбегінің қауіпті түрлеріне мысалдар келтіріліп, олардың салдары түсіндірілді. Ауыр дене еңбегі, қауіпті өндіріс, заңсыз сауда, көшеде жұмыс істеу – мұндай әрекеттер баланың денсаулығына орны толмас зиян келтіретіні нақты деректермен дәйектелді. Педагогтар оқушылардың назарын балалар еңбегінің алдын алуда ата-ананың рөлінің ерекше екеніне аударды. Көп жағдайда балалар ерте жасынан табыс табуға ұмтылып немесе отбасындағы әлеуметтік қиындықтарға байланысты жұмыс істеуге мәжбүр болуы мүмкін. Осы тұста ата-аналардың ақпараттануы, олардың бала құқықтарын сақтау бойынша жауапкершілікті сезінуі маңызды. Әрбір ата-ана баласының қауіпсіздігіне, денсаулығына және білім алуына жауапты екені айтылды. Ата-аналарға арналған қосымша жадынамалар таратылып, балалардың еңбекке тартылуының салдары жөнінде бейнероликтер көрсетілді.
Іс-шара барысында жасөспірімдерді құқықтық қорғау бойынша заңнамалық базаға да тоқталды. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі кәмелетке толмағандардың жұмысқа орналасуының нақты талаптарын белгілейді. Мысалы, 14–16 жас аралығындағы балалар тек ата-анасының келісімімен және денсаулығына зиян келтірмейтін, оқу процесіне кедергі жасамайтын жеңіл жұмыс түрлерін ғана орындай алады. 18 жасқа толмаған жасөспірімдерге ауыр, зиянды, қауіпті жұмыстарға қатысуға мүлдем тыйым салынған. Осы нормаларды білу әр жасөспірім үшін маңызды, себебі құқықтық сауаттылық оларды қауіпті жағдайлардан сақтайды. Сонымен қатар оқушыларға түрлі өмірлік жағдайларға байланысты балаларды қанау мысалдары, әлемдік статистика және әлеуметтік-психологиялық тәуекелдер туралы мәліметтер берілді. Педагогтер балалар еңбегінің салдары ретінде физикалық аурулар, психологиялық күйзеліс, оқу үлгерімінің төмендеуі, болашақ мүмкіндіктердің шектелуі секілді аспектілерді түсіндірді. Әр бала өзін қауіпсіз ортада сезінуі тиіс, ал қоғамның міндеті – бұл қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Шараның тағы бір маңызды бөлігі – оқушылардың пікірлерін саралау. 9-11-сынып оқушылары балалардың құқықтары туралы пікірталастарға қатысып, өз ойларын ортаға салды. Олар қоғамдағы әділетсіздікке бей-жай қарамау, өз құқығыңды қорғау туралы ойларын айтты. Бұдан бөлек, құқық қорғау органдары, мектеп психологтары және әлеуметтік педагогтер балалардың еңбекке заңсыз тартылуының белгілері мен алдын алу жолдары туралы кеңес берді. Оқушыларға қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, күмәнді жағдайлар болғанда кімге жүгіну керектігі айтылды. Мектеп психологы балаларға өзін-өзі бағалау, өз-өзін қорғау дағдылары, қысымға қарсы тұру әдістері туралы пайдалы ақпарат ұсынды.
«Бала құқығы – басты назарда» атты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жасөспірімдерге ғана емес, мектептің жалпы тәрбие жүйесіне үлкен ықпал етті. Бұл баланың құқықтарын қорғау тек мемлекет пен мектептің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін тағы бір рет көрсетті. Әрбір бала – тұлға, оның болашағы қорғалған, айқын және жарқын болуы тиіс. Сондықтан балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы іс-шаралар қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және қауіпсіз әлеуметтік орта құруға бағытталған маңызды қадам болып отыр. №54 жалпы орта мектепте жүргізілген жұмыс оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, олардың өз құқықтарын білуіне, өзіне және өз ортасына жауапкершілікпен қарауына ықпал етті. Мұндай іс-шаралардың тұрақты ұйымдастырылуы балалардың құқықтарын қорғау мәдениетін қалыптастырып, оларды саналы азамат ретінде тәрбиелеуге үлес қосады.