БІЛІМ САЛАСЫНДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІ ҚОЛДАНУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қазіргі кезеңде жасанды интеллект адамзат қызметінің барлық саласына батыл еніп, цифрлық трансформацияның негізгі қозғаушы күшіне айналды. Соңғы жылдары бұл технология тек экономикалық немесе өндірістік секторлармен ғана шектелмей, білім беру мен өнер саласында да ірі өзгерістер туындатуда. Осыған байланысты қоғам алдында бірқатар жаңа сұрақтар пайда болды. ЖИ шығармашылықты алмастыра ала ма? Ол білім беру процесіне қандай жаңалықтар әкеледі? Этикалық нормалар қалай сақталуы тиіс? Міне, осындай маңызды мәселелерді талқылауға бағытталған «Жасанды интеллект және өнер: әлеуметтік аспектілер және білім» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік семинар Шымкент қаласында өтті.
Іс-шара Оқу-ағарту министрлігінің «Talap» КеАҚ, Шымкент қаласы әкімдігі және Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің бірлескен ұйымдастыруымен өтті. Семинарға еліміздің әр өңірінен, сондай-ақ шетелдік ғылыми орталықтардан ғалымдар, білім саласының мамандары, өнертанушылар, педагогтер және шығармашылық мамандар қатысты. Бұл жиын жасанды интеллекттің қоғам дамуындағы орнын кеңінен талдауға арналған кәсіби платформа ретінде ерекше маңызға ие болды. Семинардың басты мақсаты – жасанды интеллект технологияларының қазіргі қоғамдағы орны мен әлеуметтік рөлін айқындау, оның өнер мен білім беру саласына ықпалын жан-жақты талдау, сондай-ақ жаңа технологияларды қолдану барысында туындайтын этикалық, құқықтық және әлеуметтік жауапкершілік мәселелерін талқылау. Жиын барысында заманауи цифрлық үдерістерге бейімделудің жаңа жолдары қарастырылып, технологияның мүмкіндіктері мен тәуекелдері сараланды.
Қатысушылардың ерекше назарын аударған бағыттардың бірі – жасанды интеллект пен адам шығармашылығының өзара байланысы болды. Қазіргі уақытта сурет салу, ән жазу, мәтін құрастыру, дизайн жасау сияқты шығармашылық салаларда жасанды интеллект кеңінен қолданылып келеді. Бұл бір жағынан шығармашылық үдерісті жылдамдатып, жаңа идеялар генерациясын жеңілдетсе, екінші жағынан адамның табиғи дарыны мен интуициясына деген сұраныс әлі де жоғары екенін көрсетті. Колледждің оқу ісі жөніндегі орынбасары Асылбек Тастанбеков өз сөзінде жасанды интеллекттің білім беру жүйесіне тигізіп жатқан әсеріне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда педагогтардың кәсіби дамуы жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдану қабілетімен тығыз байланысты. Жаһандану жағдайында білім беру үдерісі түбегейлі өзгерістерге ұшырап отыр. Яғни электронды оқулықтар, цифрлық платформалар, интерактивті тапсырмалар, виртуалды зертханалар – мұның барлығы оқу сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етуде. Асылбек Тастанбеков семинардың маңызын айта отырып, мұндай алаңдардың педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Әртүрлі білім беру мекемелерінен келген мамандар жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізудің нақты тәсілдерімен бөлісіп, тәжірибе алмасудың тиімді жолдарын көрсетті.
Өнер және дизайн кафедрасының меңгерушісі Зульфия Иманқұлова семинарда жасанды интеллектінің шығармашылық салада қолданылуына қатысты нақты мысалдар келтірді. Мәселен, графикалық дизайнда стильді автоматты түрде анықтайтын бағдарламалар, бейнелеу өнерінде композиция құруға көмектесетін нейрожелілер, сән саласында жаңа үлгілерді болжауға арналған алгоритмдер – барлығы да шығармашылық мамандардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, олардың ойлау көкжиегін кеңейтеді. Ол жасанды интеллектінің студенттердің шығармашылық қабілетін арттыруға ықпал ететінін, оларды жаңа бағыттарды зерттеуге ынталандыратынын атап өтті. Сонымен бірге Зульфия Иманқұлова технологиялар шығармашылықты толық алмастыра алмайтынын, керісінше адам қабілетін толықтырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын жеткізді. Семинар барысында жасанды интеллектінің этикалық аспектілері де назардан тыс қалмады. Қатысушылар авторлық құқық, деректердің қауіпсіздігі, жасанды түрде жасалған контенттің шынайылығы, адами құндылықтарды сақтау мәселелерін талқылады. Бұл тақырыптар қазіргі қоғам үшін өте маңызды, себебі технология дамыған сайын адам еңбегінің құндылығы мен тұлғалық ерекшелік мәселелері қайта қарауды талап етеді.
Халықаралық жиын жас мамандар мен тәжірибелі мамандардың пікір алмасуына, бірлескен жобалар құруға, жаңа ғылыми бағыттарды анықтауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар білім беру мекемелері үшін жаңа оқу бағдарламаларын әзірлеу, жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісіне енгізу және ғылыми зерттеулер жүргізу бойынша ұсыныстар жасалды. Қорыта айтсақ, «Жасанды интеллект және өнер» тақырыбындағы бұл семинар – тек ғылыми жиын ғана емес, еліміздің білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Жасанды интеллектінің қарқынды даму кезеңінде мұндай іс-шаралар қоғамның технологиялық мәдениетін қалыптастыруға, шығармашылық пен білімнің жаңа синтезін құруға жол ашады. Өнер мен білім саласының болашағы – адамның шығармашылық қабілеті мен жасанды интеллекттің шексіз мүмкіндіктерін үйлесімді пайдалана білуде.




