ШЫМКЕНТ: ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ІРІ ЖЫЛЫЖАЙЛАРДЫҢ БІРІНДЕ АЛҒАШҚЫ ӨНІМ ЖИНАЛДЫ

Шымкент қаласында алдыңғы қатарлы технологияларға негізделген «Alsera KZ» жылыжай кешенінен алғашқы қызанақ өнімі жиналды. Бұл оқиға өңірдің агроөнеркәсіп саласындағы жаңа кезеңін бастап берді деуге болады. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, Түркия Республикасының Түркістан қаласындағы Бас консулы Левент Гюржан және «Alarko Holding» компаниясының басқарма төрағасы Иззет Гарих бастаған делегация қатысты.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жылыжай кешенінің іске қосылуын мемлекет пен шетелдік инвесторлар арасындағы берік әріптестіктің нәтижесі екенін атап өтті. Министр бұл жобаның іске асуы Қазақстан экономикасына деген сыртқы сенімнің жоғары екенін дәлелдейтінін алға тартты. Министрдің айтуынша, халықаралық компаниялардың қатысуымен жүзеге асатын мұндай ауқымды жобалар аграрлық секторға жаңа технология енгізуге, тауар айналымын ұлғайтуға қолайлы жағдай жасайды. Сондай-ақ ол азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету — еліміздің стратегиялық мақсаты екенін және осындай жобалардың аталған бағытта маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов өз сөзінде «Alsera KZ» жобасының тек Шымкент үшін ғана емес, бүкіл ел үшін стратегиялық маңызы жоғары екенін айтты. Сөзінше, жылыжай кешені Мемлекет басшысының инвестиция тарту, жаңа технология енгізу және су ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі тапсырмаларын орындауға үлес қосады. Айдын Мейрамбекұлы заманауи жылыжайдың ашылуы қала халқын жыл бойы жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етуге, жергілікті нарықты тұрақтандыруға және экспорттық мүмкіндіктерді арттыруға ықпал ететінін де тілге тиек етті. Сонымен қатар әкімдік тарапынан барлық кезеңде жан-жақты қолдау көрсетілетіні атап өтілді.
Құны 650 миллион АҚШ долларына бағаланған бұл алып жоба 2023 жылдың жазында басталған болатын. Кешеннің жалпы аумағы 650 гектарға жетеді. Ал бірінші кезеңнің аумағы — 208 гектар. Толық қуатқа шыққанда жылыжай жылына 155 мың тонна көкөніс өндіруді жоспарлап отыр. Жыл соңына дейін қосымша 40 гектар аумақтағы құрылыс аяқталмақ. Бұл өндіріс көлемін ұлғайтуға және ішкі нарыққа сапалы көкөніс жеткізілімін тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаның бірінші кезеңі іске қосылғаннан кейін шамамен 2 мың адам жұмысқа орналасады. Ал кешен толықтай аяқталған кезде 5 мыңға дейін тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай серпін береді. Жұмыс орындарының көбеюі ауыл шаруашылығы саласына жастардың қызығушылығын арттыруға, агросектордағы кадр тапшылығын азайтуға сеп болмақ.
«Alsera KZ» жобасы аясында халықаралық талаптарға сай зертханасы бар агроакадемиялық орталықтың құрылысы да қатар жүргізілуде. Бұл орталық Қазақстанның аграрлық саласы үшін заманауи технологияларды меңгерген мамандар даярлауға бағытталған. Зертхана өсімдіктерді зерттеу, өнім сапасын талдау, агротехнологияларды сынақтан өткізу сияқты ғылыми жұмыстармен айналысады. Бұл қадам еліміздегі аграрлық ғылымның дамуына және инновацияларды енгізуге серпін береді. Қорыта айтсақ, «Alsera KZ» жылыжай кешені — аграрлық сектордағы заманауи технология, шетелдік инвестиция және мемлекеттік қолдаудың үйлесімінен туындаған ірі стратегиялық жоба. Оның іске қосылуы Шымкенттің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, экспорт әлеуетін арттырады және аймақ экономикасының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл жоба бүгінде Қазақстанның агроөнеркәсіп саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде бағаланып отыр.
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.




