ТҰТЫНУШЫЛЫҚ НЕСИЕГЕ ЖҮГІНЕТІНДЕРДІҢ ҚАТАРЫ АЗАЙЫП КЕЛЕДІ

Үкімет отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова еліміздегі кредиттік белсенділік бойынша 2025 жылдың 9 айының қорытындысын жариялады. Агенттік басшысының айтуынша, биыл экономикаға бағытталған несиелердің жалпы көлемі артқанымен, тұтынушылық кредиттер сегментіндегі өсім қарқыны біршама баяулаған.

Толығырақ тарқатсақ, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында экономикаға берілген кредиттер 14,6 пайызға өсіп, 38,7 трлн теңгеге жеткен. Бұл ретте бизнеске бағытталған несиелер де артып отыр. Яғни аталған кезеңде олардың көлемі 12,1 пайызға ұлғайып, 14,7 трлн теңгені құрады. Тұтынушылық кредиттерге тоқталған агенттік төрағасы кепілсіз қарыздардың өсім қарқыны былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір төмендегенін атап өтті. Биыл 9 айда кепілсіз тұтынушылық кредиттер көлемі 12,7 пайызға көбейген. Бұл көрсеткіш 2023 жылғы 29,3 пайыздық өсіммен салыстырғанда екі еседен астам төмен. Дегенмен кепілді тұтынушылық кредиттер, соның ішінде автокредиттеу бағыты айтарлықтай жоғары қарқын көрсетіп отыр. Мәлімет бойынша, биыл 9 айда олардың көлемі 32,2 пайызға өсіп, 4,8 трлн теңгеге жеткен.
Сонымен қатар ипотекалық кредиттеудің де динамикасында да өсім бар. Жыл басынан бері ипотекалық қарыздар 10,4 пайызға артқан. Корпоративтік кредиттеу құрылымы да қайта қаралған мәліметтермен толықты. Қазіргі таңда шағын және орта бизнеске берілетін кредиттер жалпы корпоративтік кредиттеудің 44 пайызын құрайды. Ірі бизнеске бағытталған несиелер 36 пайыз болса, дара кәсіпкерлерге берілген қарыздар 20 пайыз үлеске ие. Ұсынылған деректер еліміздің қаржы нарығындағы негізгі трендтерді айқындайды. Бір жағынан, бизнеске берілетін кредиттердің тұрақты өсуі экономиканың нақты секторын қолдаудың жалғасып жатқанын көрсетсе, екінші жағынан, тұтынушылық кредиттердің өсу қарқынын тежеу азаматтардың шамадан тыс қарыз жүктемесін азайтуға бағытталған шаралардың нәтижесін көрсетеді.

Ж.БАЛАУСА.