ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

жақын арада көрсеткіштер
құбыла ма?

Азық-түлік бағасының құбылуы – қоғам үшін маңызды мәселе. Сәйкесінше, жауапты ведомстволар тарапынан атқарылып жатқан шаралардың нәтижесі де бұқара үшін қашан да өзекті. Осы орайда, жуырда Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин еліміздегі азық-түлік бағасының өзгеруіне қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, баға өсімі негізінен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне кірмейтін тауарлар арасында байқалып отыр.

Серік Жұманғарин қазіргі уақытта Қазақстанда ең жиі тұтынылатын 29 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізімі бар екенін еске салды. Жалпы азық-түлік себетінде 160 түрлі өнім болғанымен, қазір баға өсімі дәл осы тізімге енбеген тауарларға қатысты орын алып отыр. Вице-премьердің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы соңғы екі аптада небәрі 0,1 пайызға өскен. Бұл — оның тұрақты бақыланып отырғанының айғағы. Ведомство басшысы сауда желілеріндегі үстемақыны бақылауға қатысты тетіктердің күшейгенін және әлеуметтік маңызы бар өнімдер бойынша қатаң шектеулер бар екенін атап өтті. Сондықтан жақын уақытта бұл топтағы тауарлардың қымбаттау ықтималдығы төмен. Министрдің сөзінше, қазіргі уақытта бағасы өскен өнімдер қатарына қызанақ, қияр және еттің бірнеше түрі кіреді. Бұл тауарлар әлеуметтік маңызы бар өнімдер тізіміне енбейді. Соған қарамастан, халықтың күнделікті тұтынуында жиі кездесетіндіктен, олардың қымбаттауы ерекше назарда. Сонымен қатар соңғы уақытта қарақұмық бағасының айтарлықтай өскені анықталған. Бұл өнім көпшілік үшін күнделікті тағам түрлерінің қатарында болмағанымен, нарықтағы бағасының қатты құбылуына Үкіметтің назарын аударған.
Айтылған деректерге сүйенсек, баға өсіміне қатысты мәселелерді зерттеу мақсатында тиісті талдау жүргізіліп жатыр. Әзірге белгілі шешім қабылданған жоқ, алайда Сауда және интеграция министрлігі бағаны тұрақтандырудың барлық жолдарын қарастырып жатыр. Министр уақытша шектеулер енгізу немесе қосымша бақылау механизмдерін қолдану қажет яки жоқ екені уақыттың еншісінде қалып отырғанын мәлімдеді. Қорыта айтсақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы әзірге тұрақты деңгейде сақталып отыр. Алайда маусымдық және сыртқы факторларға байланысты басқа санаттағы өнімдер қымбаттап жатыр. Үкімет бұл жағдайды жіті бақылауда ұстап, бағаның негізсіз өсуінің алдын алу бойынша тиісті шараларды қарастыруда. Елдегі азық-түлік нарығын тұрақтандыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Қош делік, министр сөз еткен бастамалардың нәтижесін жуық арада білеміз. Әрине, кейде айтылған сөз бен шынайы өмірдегі ахуалдың бір-біріне сәйкес келмей жататыны бар. Десе де нәтиженің көзге көрінерлік деңгейде жақсы боларына сенім артамыз…

О.ҚАСЫМ.