ЛУИЗА АЛДАНОВА МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАДЫ

енді Берденов ісіне қатысты алып-қашпа әңгімеге нүкте қойыла ма?

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қарулы шабуыл қоғамда үлкен резонанс туғызғаны белгілі. Бұл оқиғаға қатысты күдікті деп танылған азамат Ернар Алдановтың жұбайы Луиза Алданованың алғашқы ашық мәлімдемесі жарияланды. Ол елдегі көпшілікті мазалаған сұрақтарға жауап беріп, өз отбасының осы жағдайға қатысты көзқарасын білдірді. Бұл туралы ulysmedia.kz ақпараттық порталы мәлім етті.

Мәлімдемесінде Луиза Алданова бұл оқиға олардың отбасына да қатты соққы болып тигенін айтады. Оның айтуынша, олар әрбір сағатты уайыммен өткізген. «Өткен бір ай біздің отбасымыз үшін де ауыр сынақ болғанын жеткізгім келеді. Енді ғана есімізді жиып, өз-өзімізге келіп жатқан жайымыз бар. Әрбір минут, әр сағат, әр тәулік уайымдаумен болдық, жапа шеккен Руслан Берденов мырзаның амандығын тіледік» деді ол. Сонымен бірге Луиза Алданова Руслан Берденовтің жақында ауруханадан шыққанын айтып, оның тез сауығып, елге қайта қызмет етуін тіледі.
Күдіктінің жары Ернар Алданов туралы пікірін де ортаға салды. Оның айтуынша, Ернар отбасына адал, қарапайым азамат болған және бұл жағдай көпшілікті таңғалдырған. «Жолдасым Ернарды, мені және ата-аналарымызды жақсы білетіндер біздің қандай жандар екенімізді біледі. Біз отбасымызды бірінші орынға қоямыз. Ернарымыз жаза басқан екен, қателескен екен… Бұл жағдайды тағдырдың сынағы деп қабылдап, барынша сабырмен қарап отырмын. Барлығын Алланың қолына тапсырдым» дейді ол. Оқиға орын алғалы бері әлеуметтік желілер мен қоғамдық пікір алаңдарында түрлі болжамдар мен қауесеттер тараған болатын. Соның ішінде Луиза Алданованың оқиғаға қатысы болуы мүмкін деген әңгімелер де айтылды. Бұл мәселеге қатысты ол өз көзқарасын нақты білдіріп, мұндай күмәндарға жол жоқ екенін айтты. Өз сөзін «Осы жағдайға менің де қатысым бар деген бастапқыда тараған қауесетті үзілді-кесілді жоққа шығарамын. Ата-анадан көрген тәрбием, бойға сіңген иманым мұндай арсыз қылыққа аттап бастырмайтыны айдан анық» деп түйіндейді Алданова.
Жалпы Шымкенттегі атыс оқиғасы – тек бір адамның емес, тұтас отбасының тағдырын өзгерткен күрделі жағдай. Луиза Алданованың мәлімдемесі – осы дағдарыстың адамзаттық жағын, отбасы мүшелерінің ауыртпалығын көрсететін шынайы үндеу. Осы орайда айтқымыз келетіні, кез келген қылмыстың артында адамдар, эмоциялар, тағдырлар бар екенін естен шығармау маңызды.

О.ҚАСЫМ.