ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕРІ ЖАҚСАРЫП КЕЛЕДІ

қай салалардың салмағы басым?
Биыл әлем экономикасында ауқымды өзгерістер орын алды. АҚШ президентінің тарифтер бойынша бастамасы бірқатар елдердің қарсылығын тудырғаны бар. Әрине, экономиканың өзі саясатпен қатар жүретін қазіргі уақытта мұндай құбылыстардың таңғалдырмасы анық. Маңыздысы — Қазақстанның жаһандық сын-қатерлерден аулақ болып, экономикасын әрі қарай дамыту беруі. Ресми дерекке сүйенсек, жағдай жаман емес. 2025 жылдың алғашқы төрт айында Қазақстан экономикасы маңызды өсім көрсетіп отыр. Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, қаңтар-сәуір аралығындағы нақты жалпы ішкі өнім 6 пайызға өскен. Бұл — өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда артық көрсеткіш және биылғы қаңтар-наурыздағы 5,6 пайыздық өсімнен де жоғары. Ендеше бүгінгі материалымызда салалардағы көрсеткіштер жайын сараптамақпыз…
Экономикалық өсімнің басты қозғаушысы — тауар өндіру. Бұл сала 7,5 пайызға артып, ел экономикасының тірегіне айналды. Оның ішінде өнеркәсіп өндірісі 6,4 пайызға өскен. Өз кезегінде өңдеу өнеркәсібі 7,2 пайыздық жоғары өсіммен ерекше көзге түсуде. Бұл — Қазақстан экономикасында тек шикізат емес, қайта өңдеу секторының да күш алып келе жатқанының айқын көрінісі. Өндірісі артқан өнімдердің қатарында күнбағыс майы, ұн, қант, күріш, табиғи уран, мұнай өнімдері (бензин, дизель отыны), құрылыс материалдары (бетон, тыңайтқыштар), металл өнімдері (болат, шойын, жалпақ прокат) бар. Тау-кен өнеркәсібі де алға басып келеді. Сала 7,1 пайызға өсіп, былтырғы тоқсанмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш көрсетті. Бұл негізінен мұнай өндіру, көмір және металл рудалары өндірісінің артуына байланысты. Құрылыс саласы ерекше серпінмен дамуда. Өсім — 16,2 пайыз. Осы кезеңде 4,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл қарқын ірі жобалардың іске асуымен байланысты. Олар — Маңғыстаудағы тұщыту кешені, Қостанайдағы KIA автозауыты, Түркістандағы «Састөбе» химиялық зауыты, Павлодардағы Ертіс көпірі, Жамбылдағы биофармацевтикалық және сода зауыттары және жаңа мектептер, инженерлік желілер, жолдар мен тұрғын үйлер.
Қызмет көрсету көлемі 5,3 пайызға артты. Сауда 7 пайызға, ал көлік қызметі бірден 22,4 пайызға өсті. Бұл логистикалық тізбектің қалпына келуімен және жүк ағынының артуымен түсіндіріледі. Көлік саласындағы өсім, негізінен, теміржол көлігімен жүк тасымалдау қызметінің ұлғаюына байланысты болды, бұл қызметтің салалық көлемдегі үлесі — 20,5 пайыз. Қазақстандағы жүк айналымының 65 пайызын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қамтамасыз етеді. 2025 жылғы қаңтар–сәуірде ҚТЖ желісі бойынша жүк тасымалдау 4,5 пайызға өсіп, 85 млн тоннаға жетті. Оның ішінде 54,6 млн тонна ел ішінде тасымалданса, экспортқа 30,4 млн тонна жөнелтілді. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,7 пайызға көп. Елімізде қаржылық қолдау шаралары да қарқын алған. Мәселен, 2025 жылы «Бәйтерек» холдингі арқылы жеңілдікпен қаржыландыру көлемі 8 трлн теңге болды. Қаражат шағын және орта бизнеске, тұрғын үйге және ұлттық жобаларға бағытталған. Мұнай-газ химиясынан бастап туризмге дейінгі терең өңдеуге бағытталған 17 ірі жоба анықталған. Негізгі мақсаттар да белгілі. Олар — шағын және орта бизнес үлесін 2030 жылға қарай ЖІӨ-нің 40 пайызына жеткізу, IT қызмет экспортын 1,5 млрд АҚШ долларынан асыру, тікелей шетелдік инвестицияны жыл сайын 24-25 млрд АҚШ долларына жеткізу.
Осы тұста жаһандық экономикада бірқатар өзгерістер болып жатқанын айта кеткеніміз жөн. Сәуірден бастап сыртқы нарықтағы жағдай күрделене түсті. Оның ішінде АҚШ-тың тарифтік саясаты, OPEC+ өндірісті ұлғайту шешімі, логистикалық іркілістер мен қаржы нарығының құбылмалылығы мұнай бағасы мен жаһандық сұранысқа қысым жасап отыр. Сондықтан Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты сақтай отырып, инвестиция, экспорт және жаһандық тізбектерге кірігу бағытында жұмыс істеп жатыр. Жалпы 2025 жылдың алғашқы төрт айындағы тұрақты өсім әртараптандырудың тиімділігін көрсетеді. Индустриялық серпін қызмет көрсету секторының жандануымен қатар жүріп жатыр, ал құрылыс мультипликативтік әсер беріп отыр. Негізгі міндет — бәсекеге қабілеттілікті арттыру, жаңғырту, инновация және экспорт нарығын кеңейту. Сарапшылар бұл өзгерісті маңызды белгі ретінде бағалайды, ондаған жыл бойы айтылып келген әртараптандыру енді нақты іске асып жатыр. Алайда жетістікті бекіту үшін мемлекетке инфрақұрылымды дамытып, шағын және орта бизнеске экспорт пен қаржыға жеңіл қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет. Осы тұста қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов «6 пайыздық өсімнің басым бөлігі мұнай-газ өндірісімен байланысты еместігі — жақсы нәтиже. Шикізат нарығының тұрақсыздығын ескерсек, мұнай сенімді қозғаушы күш бола алмайды. Әртараптандыру — жалғыз жол. Бірақ логистикалық және қаржылық инфрақұрылымға күрделі инвестициясыз алдағы үш жылда шағын және орта бизнестің тұрақты өсуі күмәнді. Келесі 5–7 жылда өсу драйверлері логистика, сақтау, ауыл шаруашылығы және тау-кен-металлургия кешені болмақ» дейді. Ал макроэкономист, «Dasco Consulting Group» серіктесі Эльдар Бейсимбековтың пікірінше, экономиканың 6 пайыздық сенімді өсімі — жақсы жаңалық, бірақ, әсіресе, маңыздысы — өңдеу өнеркәсібінің озық қарқынмен өсуі. Әлі де құрылымдық өзгеріс деп айтуға ерте, бірақ үрдіс айқын, экономика құрылымы жақсарып келеді.
Қорыта айтсақ, 2025 жылдың алғашқы төрт айындағы көрсеткіштер экономиканың нақты құрылымдық өзгерістерге қадам басқанын көрсетіп отыр. Мұнайдан тыс секторлардың үлесі артып, өндіріс пен қызмет көрсету салалары арасындағы теңгерім түзеле бастады. Дегенмен жүзеге асуы тиіс шаралардың көптігін, мәселелердің бар екенін ұмытпауымыз керек. Анығы сол, экономикалық әртараптандыру — енді тек қағаздағы жоспар емес. Ол нақты жобалармен, өндіріс ошақтарымен және жаңа экспорттық бағыттармен жүзеге аса бастаған. Бұл – Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігіне, ішкі тұрақтылығына және жаһандық нарықтағы орнына жол ашатын тарихи бетбұрыс.
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.