«ҚЫЗҒАЛДАҚ» – ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ ЖАҢА КЕҢІСТІГІ

Шымкент қаласында орналасқан және бұрын «Tulip Hall» атауымен танымал болған мәдениет нысаны енді ресми түрде «Қызғалдақ» деп аталады. Бұл атау тек бір нысанның атын жаңарту ғана емес, ұлттық болмысты дәріптеудің маңызды қадамына айналып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкентке жасаған жұмыс сапары аясында жаңа Конгресс-холдың қызметімен танысып, оның әлеуетіне жоғары баға бергені белгілі. Президент бұл ғимаратты тек мәдени іс-шаралар өтетін орын емес, руханияттың, ұлттық өнер мен мәдениеттің орталығына айналуы тиіс деп атап өтті. Сапар барысында Мемлекет басшысы шетелше атаулардың орнына қазақы, ұлттық нақыштағы атауларды қолдану қажеттігін айтып, нақты ұсыныс ретінде «Қызғалдақ» атауын ұсынды. Бұл шешім ел ішінде үлкен қолдау тауып, оң қабылданды. «Қызғалдақ» — қазақ халқы үшін терең символикалық мәнге ие. Ол табиғаттың сұлулығын ғана емес, нәзіктікті, тазалық пен үйлесімдікті де бейнелейді. Осы атау арқылы ғимаратқа тек жаңа есім емес, жаңа рух берілді.
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бұл өзгеріс — ұлттық мәдениет пен руханиятты заманауи кеңістікпен ұштастыруға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар бұл Мемлекет басшысының ұлттық сананы жаңғыртуға деген ұмтылысының жарқын көрінісі ретінде бағаланып отыр. Жаңа атаумен қайта түлеген «Қызғалдақ» алдағы уақытта қазақ өнері мен мәдениетінің дамуына тың серпін беріп, рухани жаңғырудың нақты іске асқан мысалына айналмақ.
«Уақыт».