БЫЛТЫР ЕЛІМІЗДЕ САТЫЛҒАН СМАРТФОНДАРДЫҢ 75 ПАЙЫЗЫ ЗАҢСЫЗ ӘКЕЛІНГЕН

2024 жылы елімізде сатылған смартфондардың 75 пайызы заңсыз әкелінген. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков айтты.

Нақтырағы «Бүгінде қолданыстағы смартфондардың басым бөлігі – көлеңкелі айналымда. Осыған орай, абоненттік құрылғыларды верификациялау тәртібі енгізіліп, kz-imei.kz порталы арқылы тіркеу және заңдылықты тексеру механизмі іске қосылды. Бұл шара тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, салықтық түсімді арттыруға және заңсыз сауданы қысқартуға бағытталған» деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. Оның мәліметінше, ресми дистрибютордан 2024 жылғы салық түсімінің нақты сомасы 30 млрд теңгеден астамды құраған. Ал сарапшылардың бағалауынша, бұл сома елімізде сатылған және іске қосылған барлық құрылғының 25 пайызын ғана құрап отыр. Яғни, сатылған смартфондардың 75 пайызы заңсыз әкелініп, саудаланған. Ал бюджетке түспеген салық сомасы 70-80 млрд теңгеге жетеді.
Дамир Сейсембековтің айтуынша, небәрі екі айдың ішінде — 25 наурыз бен 25 мамыр аралығында kz-imei.kz порталы арқылы 3,4 миллионнан астам смартфон сәтті тіркелген. Осы уақыт аралығында порталға 4 771 қолданушы тіркеліп, 22 мыңнан астам өтінім берілген. Бұл көрсеткіштер халықтың да, бизнестің де ашық әрі заңды нарыққа өтуге дайын екенін көрсетті. IMEI-сәйкестендіру — құрылғының заңды екенін растауға, «сұр» тауарларды сатып алу қаупін азайтуға және нарықта бірыңғай қауіпсіздік стандартын орнатуға көмектеседі. «Көлеңкелі нарықты жою үшін министрлік бірқатар нормативтік актілерге өзгеріс енгізді. Енді заңсыз әкелінген құрылғылар қатаң бақылауға алынады. IMEI-кодтар халықаралық GSMA базасында тексеріледі, ал сатып алушылар үшін алдын ала тексеру қызметтері kz-imei.kz порталында ұсынылды» деді Дамир Сейсембеков.