ҚАРТ ҚҰРЛЫҚТА ОТАНДЫҚ ӨНІМГЕ СҰРАНЫС АРТЫП КЕЛЕДІ

Қазақстан кең даласы мен құнарлы топырағында өсіп-өнген өніммен дүние жүзін тамсандырып келеді. Мемлекетіміздің ауыл шаруашылығы – тек ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, шет елдердің де дастарқанына отандық өнімді жеткізіп отыр. Бұл сөзімізге ҚР Сауда және интеграция министрлігінің жуырда ұсынған ресми мәліметі дәлел бола алады.

Тарқатар болсақ, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында еліміз 10,8 мың тонна құс етін шекара асырып, 17,9 миллион АҚШ долларына Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Өзбекстан, Катар және Әзербайжан секілді алты бірдей мемлекетке экспорттаған. Қазақ жерінде өскен құстың еті енді мыңдаған шаңырақтың дастарханын нәрлендіріп, халқымыздың еңбекқорлығына куә етпек. Ал қой еті – ежелден қазақтың басты асы. Биылғы үш айдың ішінде 4,6 мың тонна қой еті 8,6 миллион доллар табыс әкеліп, Өзбекстан, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Сауд Арабиясы, Иран, Тәжікстан мен Иордания елдеріне жөнелтілген. Бұл көрсеткіш отандық өнімнің дәмі мен сапасына деген шетелдік сұраныстың артып отырғанын айқын көрсетеді. Дегенмен Қытай мен Еуропа бағытында әзірге ет өнімі экспортталмаған. Алайда бұл бағытта да қуанышты жаңалықтар бар. Қытай нарығында сұранысқа ие ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі күрт өскен. Атап айтқанда, күнбағыс майының экспорты 2,4 есеге өсіп, 65,4 миллион долларды құраса, зығыр тұқымы 3 есе артып, 39,2 миллион долларға жеткен. Сонымен қатар күнбағыс тұқымына, арпа мен бұршақ қалдықтарына да Қытай тарапынан қызығушылық жоғары – бұл өнімдердің әрқайсысы ондаған миллион долларлық экспортқа себеп болып отыр.
Ал Еуропа одағына жөнелтілген өнімдердің тізімі де көңіл қуантады. Бидай 53,9 миллион долларға, зығыр тұқымы 39,2 миллион долларға, рапс тұқымы 15,3 миллион долларға, ал кептірілген бұршақ көкөністері 7,7 миллион долларға экспортталып отыр. Бұл — қазақ даласының табиғи өнімдерінің Еуропа сынды талапшыл нарықтарда да бәсекеге қабілетті екенінің айғағы. Түйіндей айтқанда, ауыл шаруашылығы — еліміздің экономикасын алға сүйрейтін әлеуеті зор сала. Егіншінің маңдай тері мен малшының ерен еңбегі ел экономикасына ғана емес, халықаралық беделімізге де үлес қосып келеді. Әрбір экспортталған өнімнің тоннасы — қазақ шаруаларының еңбегінің жемісі.

Ж.БАЛАУСА.