4,5 МЛН-ҒА ЖУЫҚ АЗАМАТ ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІПТЕН НӘПАҚА ТАУЫП ОТЫР

Қазақстанда шағын және орта бизнес ұлттық экономиканың қозғаушы күшіне айналуда. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, бұл секторда 4,4 миллионнан астам адам еңбек етуде. Бұл жөнінде Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментінің директоры Дарын Әбдуәлі мәлімдеді.

Оның айтуынша, Үкімет кәсіпкерлік ортаны жақсарту бағытында жүйелі шараларды жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау, әкімшілік жүктемені азайту және тікелей мемлекеттік ынталандыру тетіктерін енгізу жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар «Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық экономиканың тұрақты өсіміне серпін беретін маңызды фактор болып саналады. Ресми статистика деректері бойынша, 2024 жылдың төртінші тоқсанында шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 39,7 пайызға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,2 пайыздық тармаққа артық» деді Дарын Әбдуәлі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.
Бұдан бөлек, 2024 жылы елдегі аталған салада жұмыспен қамтылған халықтың саны 2,2 пайызға артып, 4,4 миллион адамға жеткен. Бұл көрсеткіш шағын және орта бизнестің жұмыс орындарын көбейтіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосып отырғанын көрсетеді. Шағын және орта бизнес субъектілері тарапынан шығарылған өнім көлемі де едәуір өскен. 2024 жылдың төртінші тоқсанында бұл көрсеткіш 19,2 пайызға ұлғайып, 81 триллион теңгеге дейін жеткен. Бұл мәліметтер елдегі шағын және орта бизнестің тұрақты дамып келе жатқанын дәлелдейді. Үкімет тарапынан жасалып жатқан қолдау шаралары мен кәсіпкерлікті ынталандыру саясаты өз жемісін беріп жатыр. Алдағы уақытта бұл сектордың экономикадағы рөлі одан әрі артады деген сенім бар.

О.ҚАСЫМ.