ТҰСПАЛ ЕМЕС ТУРАЛЫҚТЫ АЙТҚАН ЖӨН

Сыздықбековке
айтылған сын шын ба?
Қазір – ақпарат ғасыры. Жарияланған мәлімет санаулы секундта жаһанға тарап шыға келеді. Жуырда Шымкент қаласының бюджетіне қатысты сын әлеуметтік желілерді шарлап кетті. Тарқатсақ, бұдан біршама уақыт бұрын үшінші мегаполистің 2025-2027 жылдарға арналған бюджеті бекітілген еді. Артынша аталған құжатқа қатысты сыни материал жарық көрді. Әрине, ойын білдіруге, пікірін жеткізуге бұқаралық ақпарат құралы тұрмақ, әрбір азамат құқылы. Әйткенмен сынның өзі шындыққа сай болуы керек. Осы орайда, жуырда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек баспасөз брифингін өткізіп, мақалада жазылған мәселелердің жай-жапсарын тарқата баяндады. Қош, айтылған сын қандай? Әкімдік не дейді? Бүгінгі материалымызда осы тақырып жайын тарқатпақпыз…
Салық түспей, бюджет бүтінделмейді
Материалда көрсетілген алғашқы сын қала бюджетінің дербестігіне қатысты болды. Яғни Шымкент бюджетінің белгілі бір бөлігін республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер құрайды. Осы тұста материал авторы немесе авторлары қалалық әкімдікті бюджетті қысқартудың орнына несие мен субсидияға арқа сүйеуде айыптаған. Ал Сәрсен Абайұлының бұған қатысты өз уәжі бар. Сөзінше, дәл осы республикалық бюджетке арқа сүйеп отыра берудің алдын алу бағытындағы шаралар мен бастамалар 2023 жылдан бастап қолға алынған. Нәтижесінде қалада аумағы 438 гектарды құрайтын, құрылыс, металлургия және тамақ өнеркәсібінде жұмыс істейтін кәсіпорындар шоғырланған «Жұлдыз» және «Бозарық» индустриалды аймақтары толықтай іске қосылған. Мұндай аумақтар саны – қалада жетеу. Сәйкесінше, тартылған инвестиция көлемі де аз емес, 338 млрд теңгені құрап отыр. Осының арқасында 9 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Ұлттық экономиканың қозғаушы күші шағын және орта кәсіпкерлік десек, бұл бағытта жүзеге асқан жұмыстар да аз емес. Соңғы 2 жылда ШОБ субъектілерінің саны 10,2 мыңға артып, 139 мыңға жуықтаған. Бүгінде жалпы өндірілген өнім көлеміндегі саланың үлесі 52 пайыздан асып жығылған. Мұның баршасын тектен-текке жазып отырғанымыз жоқ. Қалалық әкімдік инвестиция көлемін арттыру мен шағын және орта кәсіпкерліктің кең қанат жаюына мүмкіндік жасау арқылы салық түсімдерін арттыруға мүдделі. Жұмыстар жоспарға сай жүзеге асуда. Рас, бүгінде қала республикалық бюджетке алақан жаюға мәжбүр. Әйткенмен алдағы 5 жылда қазынаға тәуелді өңірлердің қатарынан шығып, донор өңірлер көшіне ілесу мақсаты қойылып отыр. Қош, оған жету үшін күні бүгінге дейін нендей шаруа тынды?
Әкімдіктің ресми өкілінің дерегінше, соңғы жылдары бюджет түсімдерін арттыру мақсатында қаладағы 3 мыңға жуық коммерциялық нысандарға талдау жүргізілген. Нәтижесінде бірқатар нысандардың бағалауы нарықтық құнынан әлдеқайда төмен көрсетілгені анықталып отыр. Яғни кәсіпкерлер салықты аз төлеу үшін өзі иеленіп отырған коммерциялық нысандардың құнын әдейі аз көрсетіп келген. Мәселен, қаладағы тамақ сервисімен айналысатын компания талдауға дейін жылына 600 млн теңге салық төлесе, талдаудан кейін оның көлемі 2,5 млрд теңгеге дейін артып шыға келген. Сорақысы сол, бұған дейін коммерциялық нысандардың жалпы құны 58 млрд теңге деп көрсетілсе, тексеруден кейін бұл мән 17 есеге артып, 1 трлн теңгеге жуықтаған. Бір сөзбен айтқанда, кәсіпкерлер заңды белшеден басып, тауып келген қаражатын жасырған. Бұл ғана емес, базарлар мен тойханалардың табысы да 8 есеге аз көрсетілген. Осылайша, кәсіпкерлер 2023 жылы бюджетке 317,7 млрд теңге салық төлеген. Енді бұл көрсеткіш талдаудан кейін 470 млрд теңгеден асып жығылмақ. Осының арқасында республикалық бюджетке тәуелділік төмендеген. Мәселен, 2022 жылы республикалық қазынадан алған қаражат жалпы қала бюджетінің 54 пайызын құраса, биыл 44 пайызға дейін төмендеді. Демек әкімдік көздеген 5 жылда тәуелді өңірлердің қатарынан шығу бастамасының іргесі қаланып, тиісті деңгейде жұмыстар атқарылуда. Әрине, анығы уақыттың еншісінде, әйткенмен қазіргі жағдайдың жақсы жаққа өзгеріп жатқанын ұмытпағанымыз абзал.
Медицина саласы
мақалада
көрсетілгендей мүшкіл халде емес…
Биыл қала бюджетінің көлемі 850,1 млрд теңгені құрап отыр. Бұл 2 жыл бұрынғы көрсеткіштен 208 млрд теңгеге артық. Қош, қала бюджеті артуымен әлеуметтік салаға бөлінер қаражат та өскен. Мәселен, былтыр дәл осы салаға 400,4 млрд теңге бөлінсе, биыл көрсеткіш 427,5 млрд теңгеге дейін артқан. Демек қала қазынасының жартысынан астамы әлеуметтік саланың еншісіне тиген. Дәл осы тұста сыни материалдың дерегін келтірейік. Онда денсаулық сақтау саласына бар болғаны 19,8 млрд теңгенің бөлінгені келтірілген. Бұл тұрғын-үй коммуналдық шаруашылыққа қаралған қаржыдан 8 есе аз. Әйткенмен материал авторы дәл осы тұста әлденені ұмыт қалдырады немесе қалдырғысы келеді. Өйткені бұл қаражат — денсаулық сақтау саласына жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы ғана. Бұдан бөлек, қаладағы медициналық мекемелер Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан да қаржы алады. Биыл аталған қордан қаладағы ауруханалар мен емханаларға жалпы көлемі 134 млрд теңге бөлінген.
Жалпы жергілікті әкімдік салаға көңіл аудармай отыр деген ойдан аулақ болу керек. Былтыр жергілікті билік 23 дана жедел жәрдем көлігінің сатып алып, пайдалануға берген. Биыл дәл сондай 25 көлік қаладағы медициналық мекемелерге тапсырылмақ. Бұл ғана емес, екі мекемеде жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Медицина сапасын арттыру мақсатында былтыр 6,6 мыңнан астам маман елімізде, 67 маман шетелдерде біліктілігін арттырып қайтқан болатын. Ал биыл 6,6 мың қызметкер еліміздің озық үлгідегі денсаулық сақтау мекемелерінде тәжірибе алмасса, 116 дәрігер әлемнің озық клиникаларының жұмысымен жақыннан танысып, білімін арттырып қайтады. Демек қаладағы медицина саласы мақалада көрсетілгендей мүшкіл халде емес.
Сынның шын болғаны жөн
Мақала авторы қала әкімінің мемлекеттік аппаратты қамтамасыз етуге қомақты қаражат бөлгеніне де шүйлігеді. Яғни аудан әкімдіктерінің қызметін қамтамасыз етуге 4,8 млрд, әкімдік резервіне 7,1 млрд, ішкі саясат пен дін басқармаларына бірнеше миллиард теңге қаралғанын тілге тиек ете кетуді де ұмытпаған. Қош, мұны ішінара тарқатайық. Әуелі аудан әкімдіктерінің қызметін қамтамасыз етуге келсек, жалпы қаражаттың 2 млрд-ы әкімдікті күтіп ұстау шығындарына кетсе, қалғаны аудан тұрғындарының өтініші мен мәселелерін шешуге бағытталмақ. Яғни әлдебір көшенің тұрғындарына ойын алаңшасы керек. Бірі спорт алаңшасының қажетін айтып, өтініш жолдайды. Аудандардың тазалығы сынды мәселе тағы бар. Міне, осындай мәселелерді шешуге жоғарыда атап өткен 2,8 млрд теңге жұмсалады.
Ал мемлекеттік ақпараттық саясатқа ойыссақ, биыл 1,2 млрд теңге қаралған. Осы тұста ескере кетерлігі, дәл осы бағытқа бөлінетін қаржы көлемі 2023 жылдан бері өзгеріссіз қалып отыр. Яғни Ғабит Сыздықбеков қала тізгінін қолға алған тұстағы көрсеткіштен асып, қыруар қаржы бөлініп кетпеген. Жуық арада көбейтуге әкімдік құлықты емес. Азайту да жоспарда жоқ. Мұнысы дұрыс. Өйткені жылдық инфляцияны ескерсек, одан қалса, әкімдік келіп бюджетті қысқартса, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары тығырыққа тірелер еді. Тағы да қоса кетерлігі, бөлінген қаражаттың баршасы әкімнің имиджін қалыптастыруға жұмсалмайды. Мемлекеттік ақпараттық саясатты қоғамға түсіндіру, мемлекет басшысының бастамаларын, ел Үкіметінің шешімдерін терең талдай отырып, тұрғындарға жеткізу қызметіне де қаралған. Бұл – мемлекеттік идеологияның ажырамас бөлігі.
Әкімдік резервіне қаралған 7,1 млрд теңгенің де жай-жапсары белгілі болды. Мақала авторы бұл соманың мақсаты ашық жазылмағанын жеткізген. Ал Сәрсен Абайұлының айтуынша, бұл – бюджет кодексінде көрсетілген дүние. Яғни қаланың 473 млрд теңге өзіндік кірісінің 2 пайызы әкімдік резервіне қаралады. Заң солай. Бұл қаражат алда-жалда оқыс оқиға немесе табиғи апат бола қалса, соған жұмсалады. Бір сөзбен айтқанда, алдын ала қамдану ғой. Қош, байқап отырсақ, сыни мақалада көрсетілген ақпардың толық зерттелмегені, жан-жақты қаралмағаны анық болып отыр. Бюджеттің жай-жапсарын біледі дегенге де күмәніміз көбейе түсті.
Қорыта айтсақ, Шымкент қаласының бюджетіне қатысты бір қайнауы кем сынның қоғамға таңған күдігін әкімдіктің ресми өкілі сейілтіп, нақты деректермен жауап бере алды деп ойлаймыз. Осындайда мақала авторларының ресми деректі алдын ала алып, салыстырмағанына таңданысымыз туып отыр. Қала берді, белгілі бір сала турасында қалам тербеген қауым сол саланың қыр-сыры болмаса да, негізгі заңдылықтарын саралап алса игі болар ма еді?! Айтпағымыз, сынның өзі шындықтың шеңберінен шықпауға тиіс. Осыны ұмытпасақ екен…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.