МУЗЕЙ ТҮНІ – МӘДЕНИЕТТІҢ МЕРЕКЕСІ

Халықаралық музейлер күніне арналған «Музей түні» жобасы биыл Шымкент қаласында бұрын-соңды болмаған ауқымда ұйымдастырылып, ерекше мазмұнмен ерекшеленді. Бұл шара көне Шымқаланың тарихи-рухани кеңістігін тағы бір мәрте жандандырып, қала тұрғындары мен қонақтарын өткеннің сырлы қойнауына жетелеген әсерлі кешке айналды.
Кештің негізгі бөлігі қаланың музейлер бірлестігіне қарасты «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінде өтті. «Тарих қойнауындағы Шым қала» атты көркем әрі тағылымды іс-шара кешкі сағат 18:00-де басталып, көрерменге өткен мен бүгінді байланыстыратын рухани көпір болды. Шара шымылдығы «Шым қала жәдігерлері» атты жаңа экспозициялық залдың салтанатты ашылуымен түрілді. Аталған залда 2017–2020 жылдар аралығында Шымкент қаласының аумағында жүргізілген археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған құнды жәдігерлер мен биыл Бозарық индустриялық аймағынан табылған көне керамикалық бұйымдар алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды. Мерекелік кеш шеңберінде түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылып, келушілерге қолөнершілер жәрмеңкесі, креативті экскурсиялар мен ұлттық дәстүрге негізделген шеберлік сағаттары ұсынылды. «Келі-келсап түю тарихы», «Құрақ көрпе құрау», «Садақ ату» сияқты этнографиялық сабақтар ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған игі бастамалар ретінде танылды.
Сонымен қатар «Жұлдызды гид» жобасы мен концерттік бағдарлама да көрермен көңілінен шықты. Кештің тағы бір ерекшелігі – қаланың әртүрлі музейлерінде өткен театрландырылған қойылымдар болды. Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде Ж. Шанин атындағы қазақ драма театры, Ерлік музейінде Орыс драма театры, Хәкім Абай музейінде Опера және балет театры, ал Сайрам музейінде Өзбек драма театры өз өнерлерін көрсетіп, көрерменді тарихи шындық пен көркем өнердің тоғысына куә етті. Бұл кешке музей ісінің мамандары, тарихшылар, археологтар, өнертанушылар, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шара барысында «Шым қала» кешеніндегі «Қарахан тұрғын үй кешені» мен «Ұстахана» экспозиция залдары арқылы экскурсиялар ұйымдастырылып, қазақ халқының бай рухани мұрасына терең үңілуге мүмкіндік туды.
1977 жылдан бері әлем бойынша аталып келе жатқан Халықаралық музейлер күні – адамзаттың ортақ жадына құрмет білдіріп, тарихи мұраны насихаттауға бағытталған маңызды мәдени оқиға. Шымкент қаласындағы музей қызметінің жүйелі дамуы мен халықтың тарихи жәдігерлерге деген қызығушылығы – ұлттық сана мен тарихи зерденің жандануына үлес қосуда. Айта кетейік, 2003–2020 жылдар аралығында жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде Ескі Шымкент қалашығы ашық аспан астындағы музейге айналып, 2021 жылдың 1 мамырында ресми түрде «Шым қала» тарихи-мәдени кешені ретінде ашылды. Бүгінде бұл кешен – ұлт тарихы мен мәдениетінің алтын көпіріне айналып отыр. «Музей түні» – тек бір күндік шара ғана емес, бұл өткен мен болашақты тоғыстырған, рухани байлықты ұлықтаған, мәдениетті дәріптеген ерекше мереке ретінде есте қалды.




