ЖАҺАНДАҒЫ ГЕОСАЯСИ АХУАЛ СӘТ САЙЫН ҚҰБЫЛЫП ТҰР

АҚШ пен Украина президенттерінің сәтсіз өткен кездесуінен кейін Дональд Трамптың Ресей-Украина қақтығысын шешу жоспары айқын қиындықтарға тап болып отыр. 28 ақпанда Дональд Трамп пен Владимир Зеленскийдің Ақ үйдегі кездесуі сәтсіз аяқталғаннан кейін әуелде Украина үшін көп нәрсе жоғалғандай болып көріне бастады. АҚШ-тың көмегін тоқтатуы теориялық тұрғыда Украинаны әлсіретуі тиіс еді. Дегенмен геосаясаттағы жағдайдың дамуын болжау мүмкін еместігі Еуропаны жұмылдыруға мәжбүр етті.

Зеленский Вашингтоннан кейін бірден Ұлыбританияға ұшып кетті, онда премьер-министр Кир Стармермен кездесіп, еуропалық көшбасшылардың саммитіне қатысты. 2 наурызда олар Украинаны ғана емес, Еуропаны қайта қаруландыру және шығыс шекараларды нығайту мәселелеріне қатысты бірқатар мәлімдеме жасады. Сондай-ақ кездесуде Еуропаның 2015 жылғы Минск келісімдеріне қатысты жағдайдың қайталануына жол бермейтіні және Украинаның қауіпсіздік кепілдігін алуы керектігі туралы да айтылды. Трамп Украинаның АҚШ-қа 500 миллиард доллар көлеміндегі қарызы туралы айтып, ол үшін сирек металдар мен инфрақұрылымды беру керектігін мәлім етті. Украина бұған келіспей, келіссөздер барысында түзетулер енгізді. Осылайша, Трамп үшін бұл келісім енді соншалықты маңызды болмай қалды.
Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөздер сауда-саттық форматында өтуі керек еді — Трамп үшін бұл келіссөздер жүргізудің логикалық және ең таныс форматы. Бірақ сирек металдар туралы шарттың жаңа нұсқасы оған қажетті шарттарды қамтамасыз ете алмады. Трамптың бұған көңілі толмайтыны анық. Ал еуропалықтар, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанды қоспағанда, Украинаны жаппай қолдады. Осылайша, жалпы жағдай өзгерді. Енді Еуропа Ресеймен қарым-қатынастың негізгі мәселесінде АҚШ-тан бөлек әрекет етуде. Тиісінше, Зеленскиге былайша айтқанда, Трамптан кешірім сұраудың қажеті жоқ. Трамп болса бұдан былай Ресеймен күш позициясында келіссөз жүргізе алмайды. Әрине, екіжақты қарым-қатынасты дамытуға болады. Бірақ Еуропасыз АҚШ-тың санкцияларын алып тастаудың өзі Ресей экономикасына үлкен әсер ете алмайды. Қорыта айтқанда, Трамп қиын жағдайға тап болды. Егер ол Ресеймен Украинасыз, әсіресе Еуропасыз келісім жасаса, ол қалағандай нәтиже бермейді. Оның үстіне АҚШ-тың өзінде өткір сынға ұшырайды. Сондықтан біраз уақыттан кейін Трамп басқалай әрекетке көшуі мүмкін. Өйткені қазіргі жағдай оның АҚШ тарихындағы өзі болғысы келетін ең қуатты саясаткер атануына көмектеспейді.