ДЕМАЛУ ЕМ АЛУМЕН АЯҚТАЛМАСЫН ДЕСЕК…

Жыл сайын мыңдаған қазақстандық шетел асып, демалуға барады. Дегенмен жыл өткен сайын мұның өзі қауіпті болып бара жатыр. Бүгінде қауіпсіздік шараларын сақтамасаңыз, дерт жұқтырып қайтуыңыз әбден мүмкін. Өйткені соңғы уақытта мұндай мәселемен ауруханаға жүгініп жатқандар жетерлік. Қала берді, туристер жиі баратын елдерде бірқатар аурулар да тарап жатыр.

Мәселен, курорттық аймақтарда жылдам таралып жатқан денге безгегі енді Таиландта да тіркелген. Бұған дейін Индонезияның Бали аралында демалушылар дене қызуының көтерілуі, жүрек айну, денеде бөртпе пайда болуы секілді белгілерге шағымданған. Мамандардың айтуынша, аурудың таралуына толассыз жауған жауыннан кейінгі масалардың көбеюі себеп болған. Айта кетейік, инфекция «Aedes aegypti» масалары арқылы таралады және тропикалық аймақтарда белсенді түрде өршиді. Жергілікті медицина қызметкерлері туристерге парацетамол ішуге және ішкі қан кетудің алдын алу үшін күнделікті қан тапсырып тұруға кеңес берген.
Науқастардың айтуынша, репелленттер мен фумигаторлар айтарлықтай көмектеспеген. Вирус жұқтырып, жазылған адамдардың көпшілігі кейін шаштың шамадан тыс түсуін байқап, дәрігерлерге жүгінген. Бұл денге безгегінің ағзаға тигізетін ұзақ мерзімді әсерлерінің бірі болуы мүмкін.