«БАТЫРЛАР ЖОЛЫМЕН» АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Жуырда Шымкент қалалық «Ерлік музейінде» Шымкент қаласының және Түркістан облысының «Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» ММ батальонының аға инспекторлары мен полицейлерінің қатысуымен Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген «Семей-сынақ» ядролық полигонының ардагері, сондай-ақ, ІІО ардагері, отставкадағы полиция майоры Мустафин Ринат Абдрасілұлының қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Шара мақсаты — ардагердің өмір жолы, ерлік әрекеттері жайында әңгіме өрбітіп, жас полицейлердің ұлттық рухын көтеріп, батырлық сезімін нығайту. Шара барысында ардагер өмір жолына шолу жасап, қызмет еткен кездегі қызықты оқиғаларымен бөлісіп, жасаған батырлық әрекеттерін айта өтті. Өз сөзінде «Батырлық – атойлап атқа мініп, жауға шабу емес. Бейбіт күнде ерліктің білекте емес, жүректе екенін өмірде орын алған әртүрлі оқиғаларда қара басын қатерге тігіп жүрген бүгінгі күннің полицейлері дәлелдеп жүр деп айтуға болады. Жалпы, жұмыста, алға қойған мақсаттарға жету үшін адал еңбек етіп, өз ісіңді сүю, адамдарды құрметтеу қажет. Ең бастысы, күнделікті тәртіпте ортақ істің қажеттілігі мен маңыздылығын ұмытпау керек» деді Ринат Абдрасілұлы.
Сонымен қатар шара соңында ардагердің жеке заттары қойылған көрме таныстырылды. Мұражайға бару жас мамандардың патриоттық сезімін нығайтуға және қызметтік міндеттерін орындауда жауапкершілікті арттыруға бірегей мүмкіндік берері сөзсіз. Мұражайдан өз өмірін құқық қорғау органдарына қызмет етуге арнаған азаматтардың формаларын, жеке заттарын, наградаларын, фотосуреттерін көруге болады. Әрбір экспонат тарихтың бір бөлігін, оның ішінде жұмыста өз міндеттерін абыроймен атқарған батырлар туралы баяндайды. Ал бейбіт күннің батырларын дәріптеу, өскелең ұрпаққа үлгі ету – баршамыздың парызымыз.

Айгүл Бердикулова,
«Ерлік музейі» бөлімінің кіші ғылыми қызметкері.