ҚАЗАҚ АСТЫҒЫ ЕНДІ МЫСЫР ЖӘНЕ АРАБ ЕЛДЕРІНЕ ЭКСПОРТТАЛАДЫ

Қазақстан – әлемдегі ірі астық өндіруші және экспорттаушы елдердің бірі. Кең байтақ жеріміздің қолайлы климаттық жағдайлары, құнарлы топырағы мен ауыл шаруашылығының дамуы елімізді астық державасына айналдырды. Әсіресе, Қазақстан бидай өндірісі мен экспорты бойынша ТМД және әлемдік нарықта жетекші орындардың бірін иеленеді. Қазақстанның Солтүстік және Орталық аймақтары – астық өсіруге ең қолайлы өңірлер. Әсіресе, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары — астық шаруашылығының негізгі орталықтары.
Елімізде астық сақтайтын элеваторлар, өңдеу кәсіпорындары және экспортқа бағытталған көлік-логистика жүйесі жақсы дамыған. Қазақстан арқылы Ресей, Қытай, Орталық Азия және Каспий теңізі арқылы Иран мен Таяу Шығыс елдеріне астық жеткізуге болады. Бүгінде қазақстандық астық негізінен Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай, Ауғанстан, Иран және кейбір Еуропа елдеріне экспортталады. Әсіресе, Қазақстан ұны сапасы жағынан әлемде жоғары бағаланады. Бұл ғана емес, енді еліміздің астығы Мысыр және Араб елдеріне экспортталуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты. Өз сөзінде «Былтыр 26,8 млн тонна астық жиналды. Бүгінгі күні оның бәрі элеваторларға кіргізілген. Оның 8,2 млн тоннасы тасымалданды. Соның 4,8 млн тоннасы экспортқа шықты. Бұл жұмыс ары қарай жалғасуда. Жаңа нарықтар ашылып жатыр, Ресей арқылы да, Балтық елдері арқылы да экспортты жүзеге асырып жатырмыз. Қосымша, Мысыр, Араб елдерінің нарығына шығамыз деп жоспарлап отырмыз. Тиісті келісімшарт жасасуға 17-сі күні сол жаққа сапарға шығамыз» деді министр.
Ведомство басшысы ел қамбаларында әлі де мол астық қоры бар екенін атап өтті. Сөзінше, 20 млн тоннаға жуық астық бар. Оның 12 млн-ын экспорттау керек. 4,8 млн-ы экспортталды. Бұл жұмыстар жалғасады. Бұдан бөлек, ол астықтар диірмендерге ұн өндіруге, сондай-ақ малдың азығы ретінде қолдануға да жіберіліп жатқанын атап өтті.