ЕЛІМІЗДЕГІ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ АХУАЛ ҚАНДАЙ?

Мемлекеттің ұзақмерзімді дамуына әсер ететін факторлар көп. Ол қатарға демография да кіреді. Өйткені елдегі еңбек нарығы аталған салаға тікелей байланысты. Осы орайда, Ұлттық статистика бюросы 2024 жылғы қаңтар-желтоқсандағы демографиялық жағдай туралы статистикалық мәліметтер жариялады.

2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша халық саны 20 286 084 адамды құрады, оның ішінде қала тұрғындары – 12 774 743, ауыл тұрғындары – 7 511 341 адам. Халықтың саны бір жылда 252 242 адамға өсті, оның ішінде табиғи өсім есебінен 235 078 адамға, көші-қон есебінен – 17 164 адамға артты. 12 ай ішінде 368 670 сәби дүниеге келді, оның ішінде ұлдар – 190 213, қыздар – 178 457. Туудың ең жоғары деңгейі Түркістан, Маңғыстау облыстарында және Шымкент қаласында байқалды. Аталған уақыт ішінде 133 592 адам қайтыс болды. Өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында байқалды. Бұл осы аймақтардағы халықтың жас құрылымына байланысты. Сондай-ақ былтырғы жылдың ішінде алдын ала мәлімет бойынша 123 651 неке және 40 647 ажырасу тіркелген.
2024 жылғы қаңтар-желтоқсанда елге келгендер саны 29 948 адамды құраса, елден 12 784 адам кеткен. Көші-қонның оң сальдосы 17 164 адамды құрады. 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда Қазақстанға келгендер саны 17,9 пайызға көбейсе, елден кеткендер саны 20,4 пайызға азайған. Елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен болған. Сол елдерден келгендердің үлесі 81,1 пайыз болса, сонда кеткендердің үлесі 74,9 пайыз шамасында. 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ел ішінде көшіп-қонушылар саны 47,6 пайызға артты. Өңіраралық көші-қон бойынша халық көші-қонының оң сальдосы еліміздің 4 өңірінде қалыптасты. Олар — Астана (7 3238 адам), Алматы (36 061 адам), Шымкент қалаларында (9 361 адам) және Алматы облысы (2 639 адам).