СУБСИДИЯ БЕРУ ТӘСІЛІ ӨЗГЕРЕДІ

Ауыл шаруашылығының дамуына бөлінген қаражаттың тиімсіз жұмсалғаны турасында дерек көбейіп кетті. Осы орайда, Ауыл шаруашылығы министрлігі мал басына субсидия беру тетігінің өткізілген еттің әр келісіне ақша төлеу тетігін алмастырмақшы. Айдарбек Сапаров бұл өзгерту саладағы бармақ басты, көз қысты схемаларды жою үшін қолға алынып отырғанын айтады.

Нақтырағы «Бұған дейін мал тұқымын асылдандыруға субсидия беріліп келді. 100 мал болса, әр басына 10 мың теңгеден бердік. Бірақ бұл жерде қарымта міндеттеме қарастырылмаған. 100 сиырдан 10 бұзау алсаң да, 80 бұзау алсаң да бірдей субсидия төленеді. Бұл енді мемлекеттің ақшасын далаға шашу дер едім. Сондықтан бұдан кету керек. Біз оны етке ауыстырып жатырмыз. Әр ет комбинатына немесе бордақылау алаңына өткізген мал салмағының әр келісіне субсидия береміз. Қай комбинатқа қанша ет өткізілгенін нақты тексеріп отыруға болады. Ал мал тұқымын асылдандыруға берілген субсидияны олай тексеру мүмкін емес. Сондықтан көп іс қозғалып жатыр» деді ол. Сондай-ақ ол алдағы бір айдың ішінде мал өсіретін фермерлерге 5 пайыздық несие беру мәселесі нақты шешімін табатынын айтты. «Біз оларға 5 пайыздық жеңілдетілген несие береміз. Биыл алғаш рет берілгелі отыр. Жалпы Қазақстан бойынша 50 млрд теңге бөлмекшіміз. Оны да әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы, агронесие корпорациясы арқылы алуға болады. Бір айдың ішінде осындай шешім қабылданады деп ойлаймыз» деді ол.
Жиында БАҚ өкілдері «Жылқы етіне, сиыр етіне, құс етіне, қой етіне, шошқа етіне неше теңгеден лимит белгілейсіздер?» деп сұрады. Министр ет субсидиясы шаруашылықтың бұл түрлеріне де қарастырылғанын айтты. Бірақ мөлшерлемесі әлі нақтыланбаған. Өз сөзін «Мысалы, сиыр етін бордақылау алаңына немесе ет комбинатына килограмын 1 100 теңгеден өткізсе, соның 200 теңгесін мемлекет төлейді. Қой етіне де, жылқы етіне де осылай төленеді. Бірақ әр килограмға қанша болатынын осы бір айдың ішінде нақтылаймыз. Бұл жерде бүкіл ет комбинаты тексеруге алынады. Бар-жоғы 172 ет комбинаты бар. Ал малмен айналысатын шаруашылықтардың саны – 300 мың. Сондықтан осы жүйемен тексеру жеңіл» деп түйіндеді Айдарбек Сапаров.