ҚАРИЯЛАРДЫ ӘЛЕУМЕТТІК ТҰРҒЫДА ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ ЖАЛҒАСАДЫ
«Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары» егде жастағы азаматтардың өмір сапасын арттыруға, олардың белсенділігін қолдауға және қоғамға қатысуын ынталандыруға бағытталған мекемелер болып табылады. Бұл орталықтарда зейнеткерлерге әртүрлі қызметтер мен іс-шаралар ұсынылады. Қазақстанда мұндай орталықтар бірнеше өңірде жұмыс істейді, соның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалалары, сондай-ақ Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе және Түркістан облыстары бар. Оның ішінде Түркістан қаласындағы бөлімше белсенді іс жүргізіп келе жатыр. Бүгінгі материалымызда аталған тақырып турасында кеңірек тарқатпақпыз…
Түркістан қаласы «Әлеуметтік қызмет көрсету» орталығы КММ-ның «Белсенді ұзақ өмір орталығында» «Біз үшін ұмытшақтық жадыға жат» атты психотренинг болып өтті. Тренинг мақсаты — ұмытшақтықтың алдын алу және ұмытшақтықтан арылу жолдары. Тренинг барысында ұмытшақтыққа қатысты «Қарлы жұмаршақ», «Барлаушы» жаттығулары жасалды. Сонымен қатар ұмытшақтықтан арылатын тәсілдер мен кеңестер айтылды. Тренинг соңында қатысушылар жастық шаққа саяхат жасап, орталыққа алғыстарын білдірді. Жалпы қарияларды қолдау шаралары — бұл егде жастағы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, олардың әлеуметтік, экономикалық және мәдени қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық шаралар жиынтығы. Қазақстанда қарияларды қолдауға арналған бірқатар бағдарламалар мен шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Қазақстанда қарияларды қолдау — бұл мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі. Ол қариялардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз етуге, олардың қоғамдағы рөлін күшейтуге және жалпы өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар, халықтың қартаю үдерісін ескеріп, үкімет пен қоғамдық ұйымдар қарияларға арналған қолдау шараларын үнемі жетілдіріп отыруда.