ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР 7 МЫҢНАН АСА ЖҰМЫС ОРНЫН АШУҒА СЕП БОЛМАҚ

Инвестициялық жайлы орта қалыптастыру — бұл елдің экономикасына қаржылай салымдарды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған шаралар кешені. Қазақстан үшін инвестициялық жайлы орта қалыптастыру — экономикалық дамудың және халықаралық бәсекеге қабілеттіліктің маңызды құрамдас бөлігі. Инвесторлар үшін қолайлы орта құрудың маңызды шарты — тұрақты құқықтық база қалыптастыру. Бұл инвестициялар саласында айқын ережелерді белгілеуді және оларды ұзақ мерзімде өзгеріссіз ұстауды талап етеді. Қазақстанда инвестициялық жайлы орта қалыптастыру мемлекет үшін басымдыққа ие, себебі бұл елдің экономикалық дамуына және халықтың өмір сүру деңгейінің жақсаруына әсер етеді. Осы орайда, Түркістан қаласында аталған бағытта бірқатар ауқымды шаралар атқарылып келеді. Бүгінгі материалымызда аталған тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…

Жуырда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық даму болжамы талқыланды. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы арнайы баяндама жасап, бірқатар жетістіктер мен жобаларды таныстырды. Бүгінде қала халқының саны 234 мыңнан асты. Экономикалық белсендісі 83 мыңнан асса, оның жұмыспен қамтылғаны 80 мыңға жуықтаған. Соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 30 мың адамнан асып отыр. Қаланың жалпы өңірлік өнім көлемін 2030 жылға қарай 2,8 есе артады деп күтілуде. Соңғы 4 жылда қала экономикасына 1,3 трлн теңге инвестиция тартылған. Алдағы 6 жылда негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемін 4,6 трлн теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Түркістанда алдағы 6 жылда бірқатар жобалар іске асырылмақ. Жоспарлы кезеңде 541 млрд теңгені құрайтын 7 мыңнан асатын жаңа жұмыс орнымен 192 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2,8 есе өсіп, 1,1 трлн теңгеге, ал тартылатын инвестиция көлемі 3 есе өсіп, 1,2 трлн теңгеге ұлғаяды. Жергілікті түсім 44,2 млрд теңге немесе 2,2 есеге өсіп, 81,2 млрд теңгені құрайды деп жоспарлануда. Келетін сыртқы туристер саны 2 есе өсіп, 20 мың адамға артады.
Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейін 4,7 пайызға төмендетіп, 22 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу көзделуде. Баспанамен қамту бойынша 2411 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Алдағы жылдары өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемін арттыру мақсатында жалпы өнеркәсіп саласында құны 142 млрд теңгені құрайтын, 3 575 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, 34 жоба қарастырылуда. Арнайы экономикалық аймағының жалпы аумағы – 180 га. Онда жалпы құны 126 млрд теңгені құрайтын және 3 050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жобаны іске асыру көзделуде.