КҮНГЕЙДЕ КӘСІПКЕРЛІК САЛА ҚАНАТ ЖАЙЫП КЕЛЕДІ

Бүгінгі жаһандану дәуірінде ел экономикасын дамытуда индустриалды аймақтардың алатын орны ерекше. Индустриалды аймақтар – өндірісті шоғырландырып, жаңа кәсіпорындар ашуға, инвестиция тартуға және жұмыс орындарын көбейтуге мүмкіндік беретін арнайы құрылған экономикалық аумақтар. Мұндай аймақтар кәсіпкерлерге дайын инфрақұрылымды, салықтық жеңілдіктерді және түрлі қолдауларды ұсына отырып, өндірісті тиімді ұйымдастыруға жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуына, жаңа технологиялардың енгізілуіне және өңірлердің экономикалық дамуына жол ашады.

Қазақстанда да индустриалды аймақтарды дамытуға үлкен мән берілуде. Әсіресе Шымкент, Алматы, Астана сияқты ірі қалалар мен облыстарда арнайы индустриалды парктер құрылып, кәсіпорындар ашылуда. Бұл аймақтар тек өндірістік қуатты арттырып қана қоймай, экспорттық әлеуетті көтеруге, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге де септігін тигізуде. Индустриалды аймақтар экологиялық қауіпсіздік пен өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған заманауи талаптарға сай дамып келеді. Олар инновациялық жобаларды жүзеге асырып, жаңа технологияларды енгізуде маңызды рөл атқарады. Осы орайда, Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Боралдай ауылдық округіне қарасты Жыланды елді мекенінде орналасқан «Шаян» индустриалды аймағында өндіріс орындарының саны артып келеді. Аталған аймақта 2024 жылы травертин тасын өңдеумен айналысатын «Рамирта» ЖШС жаңа өндірістік жобаның құрылыс жұмыстарын бастаған болатын. Жоба құны — 800 миллион теңге. Бұл жоба ауданның өндірістік әлеуетін арттырып, өңірді құрылыс материалдарымен қамтуға мүмкіндік бермек. Одан бөлек, жаңа жұмыс орындары құрылып, 44 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Сондай-ақ биыл «Шаян» индустриалды аймағында «Каз Травертин» ЖШС травертин тасын өңдейтін тағы бір ірі кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда аталған компания индустриалды аймақтан жер телімін рәсімдеу жұмыстарын жүргізуде. Жобаның жалпы құны – 1,8 миллиард теңге. Жоба іске қосылғанда 28 жаңа жұмыс орны ашылады. Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов «Шаян» индустриалды аймағына барып, жұмыс барысын бақылады. Кәсіпкерлермен кездесіп, жобалармен танысты. Жаңа бастамалар Боралдай ауылдық округінің экономикалық дамуына тың серпін беріп, индустриалды аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған. Жергілікті билік пен кәсіпкерлер арасындағы тығыз әріптестіктің нәтижесінде өңірде өнеркәсіп секторы жүйелі түрде дамып келеді.