КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН

Газбен қамту — кез келген мемлекеттің энергетикалық жүйесінің маңызды бөлігі. Халықты, өнеркәсіп орындарын және инфрақұрылымды табиғи газбен қамтамасыз ету — экономиканың тұрақты дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартудың басты шарттарының бірі. Газбен қамту шаралары тұрғындарды жылумен қамтамасыз етуден бастап, өнеркәсіптік өндірістердің жұмыс істеуіне дейінгі көптеген процестерді қолдайды. Осы орайда, аталған бағыттағы жұмыстардың Шымкентте қарқын алғанын айта кеткеніміз абзал.

Мәселен, жуырда үшінші мегаполиске қарасты Қаратау ауданындағы 10 мыңға жуық халқы бар Бозарық тұрғын алабына газ берілді. Газ құбырының құрылысы 2023 жылы басталған. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен әңгімелесу барысында газдандыру кез-келген қаланың дамуындағы аса маңызды қадам екенін атап өтті. Газбен қамтамасыз ету мегаполистің экологиясын айтарлықтай жақсартуға ғана емес, сонымен қатар тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қала әкімі тұрғындарды газды пайдалану кезінде сақтық шараларын сақтауға шақырды. Бүгінде тұрғын үйлерді газдандырудың екінші кезеңі аясында 700-ге жуық абонент көгілдір отынға қол жеткізді. Жыл соңына дейін үшінші кезең жүзеге асырылғаннан кейін тағы 700-ден астам абонент көгілдір отынмен қамтылады. Бұл ретте жыл соңына дейін Ынтымақ-2, Тассай және Қаратөбе шағынаудандарын газдандыруды аяқтау жоспарлануда. Айта кетейік, газ желісіне қосылуды жылдамдату үшін тұрғындар «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ға өтініш білдіріп, құжаттарды тапсыруы қажет.
Жалпы газбен қамту шаралары халықтың өмір сапасын жақсарту, экономиканың дамуы және экологиялық жағдайды жақсарту үшін маңызды қадам болып табылады. Газдандыру бағдарламаларының кеңеюі — мемлекеттің энергия қауіпсіздігін арттырудың және тұрғындардың әл-ауқатын қамтамасыз етудің тиімді құралы. Сондықтан газбен қамту жүйесін дамыту әрдайым мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі болуы керек.