ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Өнер — адамзат мәдениетінің ең көне және ең ерекше салаларының бірі. Ол адамдарға өзін-өзі танытуға, ішкі әлемін жеткізуге және өздерін қоршаған әлемді тануға мүмкіндік береді. Өнер әрқашан адамзат қоғамымен тығыз байланысты болып келді және сол арқылы мәдениеттің, тарихтың, дәстүрлердің, эмоциялардың көрінісі болды. Өнердің дамуы мен оны қоғамда қолдау — әрбір елдің рухани байлығын арттыру үшін аса маңызды.
Осы орайда, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында Орталық Азия елдері театрларының IX Халықаралық театр фестивалі өтті. Өнер мерекесіне Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан, Татарстан, Әзірбайжанның театр ұжымдары қатысты. Салтанатты жиын Ж.Шанин театрының 95 жылдығына арнайы дайындалған бейнефильммен бастау алды. Фестивальдің ашылу салтанатына арнайы қатысқан қала әкімі Ғабит Сыздықбеков шығармашылық ұжымға тілегін білдірді. «Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз» деп Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, 95 жылдық тарихында түрлі кезеңдерді бастан өткерген театр, бүгінде мәдениет саласының маңызды рухани ордасына айналып отыр. Осынау жылдар ішінде еліміздің іргелі рухани орталықтарының бірі ретінде жасампаз халқымыздың және жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, тарихи сананы жаңғыртып, өнерді өрге сүйреп келе жатқан бұл театрдың отандық мәдениеттің дамуына қосқан үлесі қомақты деп білемін» — деді қала әкімі.
Өнерпаздар классикалық және заманауи қазақ драматургиясының үздік шығармаларын ұсынып, ұлттық құндылықтарын дәріптеп келеді. Театр сахнасынан майталман өнер өкілдері қанат қақты. Қазір мұнда 88 адам жұмыс істейді. Өнер саласында қажырлы еңбек еткен үздіктер Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шымкент қаласының әкімінің алғыс хаттары және құрмет грамоталарымен марапатталды.