ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫ ИМПОРТТЫҚ ТАУАРЛАРҒА ҚАНШАЛЫҚТЫ ТӘУЕЛДІ?

Елімізде баспана бағасы жыл өткен сайын қымбаттап барады. Әдетте кейбір жауапты сала басшылары мұны құрылыс материалдарының қымбаттығына әкеліп тірейді. Осы орайда, импорттың нарықтағы әлеуетін әлсірету үшін отандық өнімдерді шығару ісіне айрықша мән беріліп келе жатқаны белгілі. Бұл нәтиже беріп жатыр ма? Қандай тауарларға тәуелділік басым? Тарқатайық…

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі осы жылы Қазақстанға шетелден қандай құрылыс материалдары жеткізіліп жатқаны жайында түсінік берді. Дерекке сенсек, құрылыс материалдары бойынша отандық өнімдердің үлесінде 2020 жыл мен 2024 жыл аралығында өсім болды, яғни 13 пайыздық көрсеткішке ұлғайды. 2024 жылдың қаңтар-тамызы аралығында отандық өнім үлесі 66,8 пайызды көрсетті. Шетелден жеткізілетін негізгі материалдардың арасында мәрмәр, травертин, алебастр, шлакты мақта, минералды әрі силикатты мақталар бар. Қазақстан нарығы портландцемент, тауарлы бетон, гипс, құрылыс ерітінділері және гипсты картонмен толықтай қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар 2024 жылдың қыркүйегінде жоба құны 43,8 млрд теңге болатын зауыт іске асырылды. Осы зауыттың ашылуымен жылу оқшаулағыш материалдарына қатысты 100 пайызға ішкі нарықты қамтиды және шетелге экспорттауға мүмкіндік туады. Мұнымен қоса импортқа тәуелді тауар түрлері де бар. Олардың арасында еденге төсейтін өнімдерді, түсқағаздар және санфаянс сияқты өнімді атап өткен жөн.

О.ҚАСЫМ.