ШАҺАР БАСШЫСЫ ИНВЕСТОРЛАРМЕН КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗДІ
«Халықтың кірісін арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» — халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мен табысын арттыру мақсатында қабылданған маңызды құжаттардың бірі. Бұл бағдарлама экономикалық, әлеуметтік және аймақтық мәселелерді кешенді түрде шешіп, халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейді. Бағдарлама аясында табыс көлемін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, экономикалық өсімге ықпал ету және әлеуметтік қорғауды күшейту сияқты мақсаттар алға қойылған. Бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан қаласында сәтті жүзеге асып келе жатыр десек, артық айтпаған болар едік.
Осы орайда, Түркістан қаласында өткен халықаралық инвестициялық форумға әлемнің алпауыт компания өкілдері қатысты. Форум аясында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы түрлі саладағы инвесторлармен келіссөз жүргізді. Халықаралық инвестициялық форумға Қытай Халық Республикасынан 120 компания және Қазақстан өңірлерінен 100-ден астам ірі компания өкілдері қатысты. Келіссөзге қатысқан инвесторлар қатарында лифт зауыты – «Giant Intelligent Elevator Co», механика және электр құралдарын өндіретін – «Sichuan Hongji Engineering Management Co» компаниясы, жолдар, абаттандыру, сумен жабдықтау саласындағы құрылыс өнімдерін шығаратын – «Hubei Xiaode Engineering Co» және өзге де басқа компания өкілдері бар. Келіссөздер аясында ынтымақтастық танытқан компаниялармен екі жақты меморандумға қол қойылды. Жалпы осыған дейінгі ҚХР тарапынан Түркістан қаласының негізгі каптиталына тартылған инвестиция көлемі 78,2 млрд теңге болатын және 1910 жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 3 жоба іске асырылуда. Оның ішінде жүзеге асырылған – «Golden Camel» ЖШС бар. Ал алдағы уақытта тартылатын инвестиция құны 141,5 млрд теңге болатын және 790 жаңа жұмыс орындарымен қамту мүмкіндігі бар 6 жоба іске асырылуы жоспарлануда.
Жалпы жоғарыда біз сөз еткен бағдарлама нәтижесінде 2025 жылға дейін Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төмендеп, халықтың табысы мен өмір сүру деңгейі өседі деп күтілуде. Бұл бағдарламаның толық жүзеге асуы үшін мемлекет пен жеке сектордың үйлесімді ынтымақтастығы қажет. Әрбір бағыт бойынша нақты шаралар қабылданып, әрбір әлеуметтік топқа бағытталған қолдау көрсету халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді. Ал Түркістан қаласында жаңа кәсіпорындардың ашылуы межелі мерзімге жақсы нәтижемен жетуге ықпал етпек.