ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА 13 АЗАМАТ «ҚАНДАС» МӘРТЕБЕСІН АЛДЫ
Қазақстанға шетелдерден қазақ диаспорасын көшіру саясаты тәуелсіздік жылдарынан бері жүзеге асырылып келеді. Бұл саясаттың мақсаты – шетелдерде өмір сүріп жатқан қазақтардың тарихи отанына қайтып келуіне қолдау көрсету, сондай-ақ Қазақстан халқының санын арттырып, оның мәдени және ұлттық бірлігін күшейту. «Қандастар» деп аталатын осы көшіп келушілерге арналған арнайы бағдарламалар, жеңілдіктер мен қолдау шаралары қарастырылған. Қандастардың елге көшуі Қазақстанның ұлттық бірегейлігін сақтауға және мәдениет пен дәстүрді дамытуға үлкен үлес қосады. Әлемнің көптеген елдерінде, әсіресе Моңғолия, Өзбекстан, Қытай, Ресей және Түркіменстанда қазақ диаспоралары тұрады. Олардың Қазақстанға оралуы – ұлттың қайта бірігуіне және мәдени тұрғыдан қайта жандануына жол ашады. Сонымен қатар, қандастардың көшіп келуі демографиялық өсімді қамтамасыз етіп, елдегі еңбек нарығын күшейтуге ықпал етеді.
Қазақстан Үкіметі қандастарды елге қоныс аудару және жаңа ортаға бейімделу кезінде қолдау үшін арнайы бағдарламалар қабылдаған. Бұл қолдау шаралары бірнеше бағытты қамтиды. Тарқатсақ, қандастардың тұрақты түрде қоныстануы үшін тұрғын үй мәселесін шешу маңызды. Кейбір аймақтарда қандастарға тұрғын үй субсидиялары, жалға беру бағдарламалары қарастырылған. Сондай-ақ, еңбек күші тапшы аймақтарға көшкен қандастарға баспана жеңілдетілген шарттармен беріледі.Қоныс аудару шығындарын жабу мақсатында арнайы бір реттік материалдық көмек көрсетіледі. Бұл қаржылай көмек қандастарға жол шығындарын өтеу және алғашқы тұрмыстық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін беріледі. Қазақстанға көшіп келген қандастар үшін жұмыс орындары ұсынылып, кәсіби біліктілігін арттыруға арналған бағдарламалар бар. Сонымен қатар, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін қандастарға жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар ұсынылады. Қандастардың балаларының білім алуына ерекше көңіл бөлінеді. Мектептер мен жоғары оқу орындарында қандастардың балаларына арналған арнайы квоталар бар. Сондай-ақ, Қазақстанға жаңа келгендер үшін қазақ тілін үйренуге арналған курстар ұйымдастырылып, бейімделу бағдарламалары жүргізіледі. Көшіп келген қандастардың азаматтық алуы, құжаттарын ресімдеуі кезінде құқықтық кеңес пен көмек беріледі. Құжаттарды рәсімдеу процесін оңайлату мақсатында көші-қон қызметтері мен жергілікті әкімдіктерде арнайы бөлімдер ашылған. Қазақстанның халық саны аз және жұмыс күші жетіспейтін аймақтары – қандастарды қоныстандыру үшін қолайлы бағыттардың бірі. Әсіресе, солтүстік және шығыс облыстарда тұрғындарға қажетті жағдайлар жасалып, қандастарға жұмыс орындары ұсынылады. Бұл қадам аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына да үлес қосады. Оңтүстік өңірлерде тығыз орналасқан халықты солтүстік аймақтарға бағыттау арқылы ел ішінде демографиялық тепе-теңдік орнату көзделуде. Қандастардың тарихи отанына оралуы Қазақстанның ұлттық бірегейлігін нығайтып, мәдени әртүрлілігін арттырады. Елге оралған қандастар өздерімен бірге басқа мемлекеттерден алынған жаңа білім мен тәжірибе алып келеді. Бұл елдің мәдениетін, тілін және дәстүрлерін байытады. Қандастардың жаңа ортаға сіңісіп, қоғамдық өмірге белсенді араласуы арқылы Қазақстанның ұлттық біртұтастығы нығаяды.
Осы орайда, Түркістан облысына 2024 жылдың 1 қазанындағы жағдаймен 472 отбасыны құрайтын 875 этникалық қазақ қоныс аударған. Нәтижесінде оларға «Қандас» мәртебесі берілген. Оның ішінде, Өзбекстаннан — 853, Тәжікстаннан — 11 және басқа мемлекеттерден — 11 адам көшіп келген. Қоныс аударған этникалық қазақтардың 345-і Сарыағаш ауданына, 138-і Ордабасы ауданына, 121-і Қазығұрт ауданына, 119-ы Келес ауданына, 73-і Сайрам ауданына, 24-і Жетісай ауданына, 14-і Түлкібас ауданына, 23-і Мақтарал ауданына, 13-і Түркістан қаласына және 5 адам басқа аудан-қалаларға қоныстанған. Этникалық қоныс аударушылардың 498-і — еңбекке жарамды. Оның ішінде жалдамалы жұмысшылар -17, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар -175, жұмыссыздар немесе жұмыс іздеушілер -154 және басқа да санаттағылар — 152 адам. Қазақстанның қандастарды қолдау саясаты – еліміздің ұлт ретінде сақталып, дамуына септігін тигізетін маңызды қадам. Қандастардың келуі халықтың ұлттық санын арттырып қана қоймай, ұлттық бірегейлікті нығайтуға мүмкіндік береді. Бағдарламаның сәтті іске асуы үшін мемлекет қандастарды қабылдау және бейімделу процесін әрі қарай да дамытып, барлық қажетті қолдау шараларын ұсына бермек.