МЕКТЕП ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Білім саласы – қоғамның зияткерлік әлеуетін қалыптастырып, болашақ ұрпақтың білімі мен тәрбиесін қамтамасыз ететін маңызды сала. Сондықтан мұғалімдер мен басқа да білім беру қызметкерлерінің құқығын қорғау және олардың еңбек жағдайын жақсарту – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Құқық қорғау шараларының негізінде білім сапасы артып, педагогтар мен білім беру қызметкерлері өз жұмысында кәсіби деңгейде жетістікке жетуге мүмкіндік алады. Мұғалімдер мен білім беру қызметкерлерінің құқықтарын қорғаудың ең маңызды бағыттарының бірі – қауіпсіз және қолайлы еңбек жағдайларын жасау.

Бұл бағытта жұмыс орындарының материалдық-техникалық жабдықталуы, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, қажет жағдайларда медициналық тексерулерді ұйымдастыру сияқты мәселелер қамтылады. Білім беру ұйымдары қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі, ал мұғалімдерге арналған демалыс орындары мен арнайы бөлмелердің болуы шарт. Осы орайда, «Қалың қалай бастауыш ұйым?» акциясы аясында Түркістан қаласы Хамза атындағы №2 жалпы білім беретін мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымында кездесу өтті. Жиынға Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Диана Турманова, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бахтияр Абдураимов және кәсіподақ активі қатысты. Кездесу барысында еңбек ұжымындағы толғандыратын мәселелер, ұжымдық шарт және оның талаптарының орындалуы, еңбек заңнамалары мен еңбек қауіпсіздігінің сақталуы, әлеуметтік шиеліністің және еңбек жанжалдарының туындауының алдын алу бойынша атқарған жұмыстары туралы мәселелер талқыланды.
Айта кету керек, мұғалімдердің еңбегін лайықты бағалау олардың жұмыс сапасын арттыруға оң әсер етеді. Еңбекақыны әділ есептеу және уақытында төлеу – білім қызметкерлерінің құқығы. Бұл бағытта мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктер тарапынан еңбекақының деңгейін көтеру, үстеме ақы, сыйақылар мен қосымша төлемдер жүйесін енгізу шаралары қолға алынып келеді.