АППАРАТ МӘЖІЛІСІНДЕ МАҢЫЗДЫ ТАҚЫРЫПТАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгінгі заманда цифрландыру — әлемдегі дамушы елдердің басым бағыттарының бірі. Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалмай, мемлекеттік қызметтерді цифрлық жүйеге көшіруді белсенді жүзеге асыруда. Мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың басты мақсаты — халыққа сапалы, қолжетімді әрі жедел қызмет көрсету, бюрократияны азайту және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру қоғам өміріне айтарлықтай оң өзгерістер әкеледі. Алдымен, уақыт пен ресурстар үнемделеді. Азаматтар енді бұрынғыдай ұзын-сонар кезекте тұрып, қағаз жүзіндегі құжаттарды жинаудың қажеті жоқ. Көптеген қызметтерді интернет арқылы үйден шықпай-ақ алу мүмкіндігі пайда болды. Мысалы, құжаттарды онлайн рәсімдеу, салық төлеу, зейнетақы төлемдерін алу сияқты қызметтер кез келген уақытта қолжетімді болды.

Бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан қаласында белсенді түрде жүзеге асып келе жатыр. Осы орайда, жуырда Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен аппараттық мәжіліс өткен болатын. Мәжілістің күн тәртібінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен ішкі саясат бөлімінің атқарған жұмыстары туралы баяндамалар тыңдалып, қала аумағындағы қаңғыған иттер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен шешу жолдары талқыланды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Эльмира Бейсенованың баяндауынша, 2024 жыл басынан бері 32 331 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның 29-ы тікелей бөлім арқылы қызмет алса, 16 мыңнан астамы – Азаматтарға арналған үкімет арқылы, ал 16 286-сы Электрондық веб портал арқылы қызмет алған. Сондай-ақ, жиында қала басшысы өткен аптада берілген тапсырмалардың орындалуын бағалап, алдағы жоспарларға тоқталып өтті.
Айта кету керек, Түркістан қаласында жұмыспен қамту шаралары белсенді түрде іске асып келеді. Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмыссыздардың санын қысқарту бағытында бірқатар бастамалар жүзеге асты. Бұл ғана емес, облыс орталығында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұдайы өткізіліп келеді. Бұл екі қолға бір күрек таппай жүрген жандарға үлкен мүмкіндіктер сыйлап отыр.