«СОЛТҮСТІККЕ КӨШ» БАҒДАРЛАМАСЫ ТУРАЛЫ КЕҢІНЕН АҚПАРАТ БЕРІЛДІ

Қазақстанда еңбек ресурстарын теңгерімдеу және елдің әртүрлі аймақтарының экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында оңтүстік және батыс өңірлерден солтүстікке көшті ынталандыру шаралары жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама «Солтүстікке көш» деп аталады және оның басты мақсаты — халық тығыз орналасқан оңтүстік облыстардың тұрғындарын жұмыс күші жетіспейтін солтүстік аймақтарға тарту, олардың өмір сүру жағдайын жақсартып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту.

Осы орайда, Солтүстік Қазақстан облысының Қандастар мен қоныс аударушылар орталығының делегациясы Түркістан қаласына келді. Делегация қалалық Мансап орталығында тұрғындармен кездесу өткізіп, «Солтүстікке көш» бағдарламасы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жиында облыстық Еңбек мобилділігі орталығы директоры Абзал Қазанғапов алғы сөз алып, шараның мақсатына тоқталды. Сондай-ақ қандастар мен қоныс аударушыларға арналған ақпараттық-түсіндіру орталығының жетекшісі Әнуар Бердібекұлы оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушыларды қабылдау бойынша іс-шараларды жеткізді. Одан бөлек, «TAUEKEL» ұйымының жетекшісі Бурахан Дақанов теріскейге көшкісі келетін азаматтарға үкімет тарапынан қандай жеңілдіктер жасалатыны туралы айтты. Басқосу соңында келушілер спикерлерге көкейкесті сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Бүгінде Солтүстік Қазақстанда, әсіресе ауылдық өңірлерде, жұмыс күшінің жетіспеушілігі мен халық санының азаюы байқалады. Бұл құбылыс әлеуметтік және экономикалық мәселелерді тудырады, өңірдің даму қарқынын бәсеңдетеді. Керісінше, оңтүстік аймақтарда халық санының өсуі, жұмыс орындарының тапшылығы мен жұмыссыздықтың артуына әкелуі мүмкін. Сондықтан халықты солтүстікке көшіру арқылы осы аймақтарда жұмыс күшін толықтыру және жаңа тұрғындарға лайықты жағдай жасау көзделіп отыр. Солтүстікке көшіп барған азаматтар жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады. Ауыл шаруашылығы, өндіріс, білім беру, денсаулық сақтау сияқты салаларда еңбек күші үлкен сұранысқа ие. Бұл аймақтарда бос жұмыс орындары көп болғандықтан, оңтүстіктен көшкен азаматтар өзіне лайықты қызмет тауып, табыс таба алады. Көшіп келушілерге арналған басты қолдау шараларының бірі — тұрғын үймен қамту. Мемлекет арнайы субсидиялар бөлу арқылы жаңа үйлер салуды қаржыландырады немесе қолданыстағы үйлерді жөндеуден өткізеді. Кейбір жағдайларда көшіп келген отбасыларға тегін немесе төмен пайыздық несие арқылы баспана беріледі. Көшіп келген отбасыларға көшу шығындарын жабу үшін бірреттік қаржылай көмек беріледі. Сонымен қатар, жаңа жерге қоныстанған соң тұрмыстық қажеттіліктерін өтеу үшін де қосымша субсидиялар қарастырылған. Мысалы, әр отбасы мүшесіне белгілі бір мөлшерде көмек қаражаты төленеді. Балаларды мектепке орналастыру, оларды қажетті оқу құралдарымен және басқа да білім алу қажеттіліктерімен қамтамасыз ету — бағдарламаның басты бағыттарының бірі. Сондай-ақ көшіп келген отбасыларға медициналық қызметтер қолжетімді болуын қамтамасыз ету шаралары қарастырылған. Бағдарлама аясында өз кәсібін ашқысы келетін азаматтарға жеңілдетілген несиелер, гранттар мен субсидиялар беріледі. Бұл кәсіпкерлерге жаңа өңірде бизнесін дамытуға мүмкіндік береді, ауыл шаруашылығы, өндіріс, сауда және басқа да салаларға инвестиция тартуға ынталандырады. Бағдарламаны тиімді жүзеге асыру үшін мемлекет пен жергілікті әкімдіктердің бірлескен жұмысы қажет. Әр өңірде көші-қон процестерін үйлестіретін арнайы бөлімшелер ашылып, тұрғындарға кеңес беру, оларды жаңа орынға бейімдеу, қажетті құжаттарды ресімдеу бойынша көмек көрсетіледі. Сонымен қатар солтүстік өңірлерде көші-қон саясатын дамыту мақсатында арнайы әлеуметтік жобалар іске қосылады. Бұл жобалар жаңа қоныс аударушыларға бейімделуге, әлеуметтік ортаға кірігуге көмектеседі.
Бағдарлама табысты жүзеге асқан жағдайда, 2025 жылға қарай келесі нәтижелерге қол жеткізу көзделеді — солтүстік аймақтардағы халық санының тұрақтануы және еңбек ресурстарының тапшылығының азаюы, өңірлердегі экономикалық даму қарқынының артуы, оңтүстік аймақтардағы жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі және әлеуметтік теңгерімнің қалыптасуы, жаңа қоныс аударушылардың тұрақты табыс табуы және олардың әлеуметтік жағдайының жақсаруы. «Солтүстікке көш» бағдарламасы — Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына және өңірлер арасындағы еңбек ресурстарын теңестіруге бағытталған маңызды қадам. Бұл бағдарлама халыққа жаңа мүмкіндіктер ұсынып, солтүстік аймақтардың демографиялық, экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштерін жақсартуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, жаңа қоныстанушыларға қолайлы жағдай жасай отырып, мемлекет аймақтық дамуды қолдап, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ниетті.