МАҢЫЗДЫ ТАҚЫРЫП ТУРАСЫНДА СЕМИНАР ӨТТІ
Қазіргі қоғамда мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап пен жауапкершілік артып келеді. Мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби этикасы мен моральдық бейнесі халықтың оларға деген сенімінің негізін құрайды. Сондықтан олардың тәртібі мен ұстанымдары тек жеке мәселеге айналып қалмай, мемлекеттік басқарудың сапасына да әсер етеді. Осы тұрғыда лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік, мемлекеттік қызметшілер арасында кездесетін елеулі мәселе ретінде қарастырылады. Осы орайда, жуырда маңызды тақырыпты арқау еткен жиын өтті. Тарқатайық…
Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметшінің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіруге бағытталған қадамдық жоспар — «Құқықтық сауаттылық» жобасы аясында Түркістан облысының жергілікті атқарушы органдары және тексеру комиссиясының әдеп жөніндегі уәкілдері мен персоналды басқару қызметі мамандарының қатысуымен онлайн форматта семинар өтті. Семинар барысында мемлекеттік қызметшілерді қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тарту жағдайындағы мәселелер, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер, Әдеп кодексі талаптарын қатаң сақтау, лудомания, қызметтік көлікті пайдалану және мемлекеттік қызмет өткеру бағытындағы бос лауазымдарды толтыру, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқу аяқтаған түлектермен жұмысты жандандыру, өңірлік кадр резервшілеріне бос лауазымдарды ұсыну тақырыбында баяндады. Сонымен қатар Әдеп жөніндегі уәкілдерге мемлекеттік қызметшілердің қызметте де, қызметтен тыс уақытта да әдеп нормаларын сақтауды басты назарда ұстау керектігін жеткізді.
Айта кету керек, мемлекеттік қызмет жүйесінде қызметкерлер арасында лудоманияны болдырмау үшін арнайы шаралар қарастырылады. Бұл шаралар әдетте алдын-алу жұмыстарына, психологиялық қолдауға және кеңес беру қызметтеріне негізделеді. Лудоманияға қарсы тұру үшін жұмыс орнында ақпараттық тренинг өткізу және қызметкерлерді қолдау бағдарламаларын дамыту маңызды. Сонымен қатар бұл мәселені шешуге отбасы мен жақындарының қолдауы, арнайы психологиялық кеңес алу да көмектеседі.