ҚАЗАҚСТАНДА МҰНАЙ ӨНДІРУ КӨЛЕМІ АРТАДЫ
Елімізде өнеркәсіпті дамыту шаралары қарқынды түрде қолға алынып келеді. Бұл ғана емес, дайын импорттық өнімдерді алмастыруға мүмкіндік беретін кәсіпорындардың қызметін жақсарту, жаңа өндіріс орындарын ашу басты назарда. Дегенмен әлі де болса шикізаттың арқасында қазынамыздың бүйірі бұлтиып келеді. Осы орайда, жуырда Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров елміздің 2025 – 2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды. Ендеше айтылған деректерге ойысайық…
Ведомство басшысының айтуынша, болжамды қалыптастырудың негізіне мұнайдың бағасы барреліне 75 АҚШ доллары және доллардың есептік бағамы 470 теңге болғандағы базалық сценарийі алынды. Болжам бойынша 2025 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 5,6 пайызға жетеді. 5 жыл ішінде жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсуі – 5,4 пайызды құрайды. Номиналды жалпы ішкі өнім 2025 жылғы 150,8 трлн теңгеден 2029 жылы 234,2 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың барлық салаларында өсім болады деп ескеріліп олтыр. Мәселен, өнеркәсіптегі орташа жылдық өсу қарқыны 4,1 пайыз, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 5,8 пайызды, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 2,9 пайызды құрайды.
Ауыл шаруашылығындағы орташа жылдық өсім 5,3 пайызды, құрылыста 9,3 пайызды, көлік қызметтерінде 8,2 пайызды және саудада 7,1 пайызды құрайды. Мұнай өндіру көлемі 2025 жылы 97,2 млн тоннадан 2029 жылы 104,8 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Тауарлардың экспорты 2025 жылы 82,3 миллиард АҚШ долларынан 2029 жылы 90 миллиард АҚШ долларға дейін өседі деп болжануда. Импорт 61,3 миллиард АҚШ доллардан 67,5 миллиард долларға дейін өседі. Инфляция деңгейі 2025 жылы 5,5 және 7,5 пайыз, 2026 жылы 5 және 6 пайыз аралығында айқындалды, кейіннен 2027-2029 жылдары 5 пайызға дейін төмендейді деп қарастырылған. Қош, мұның баршасы болжалды дерек екенін ұмытпауымыз керек. Қала берді, жаһандағы геосаяси ахуал күн сайын ушығып барады. Оның өзі нарықтағы бағаның құбылуына, логистикалық тізбектің бұзылуына ықпал етуі мүмкін. Әрине, оның еліміздің экономикасына тигізер әсері ауқымды болмақ. Анығы уақыттың еншісінде…
О.ҚАСЫМ.