ҚЫЗЫЛ СУ ӘБІГЕРГЕ САЛЫП ЖҮРМЕСІН…

көктемгі маусымға дайындық жұмыстары басталды

Биыл еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны болып, әлеумет әбігерге түсті. Міне, сонда қызыл судан келетін қауіптің қаншалықты ауыр болатынын айқын ұқтық. Қош делік, ол да артта қалды. Әйткенмен су тасқыны қаупі күшейетін мезгіл тағы да келеді. Ал қауіпсіздік шаралары қаншалықты қолға алынып жатыр? Қазіргі жағдай қандай? Саралайық…

Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі таратқан дерекке сүйенсек, Қазақстанның оңтүстік облыстарының су қоймалары 55 пайызға толы. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 23 пайызға артық. Бүгінгі таңда оңтүстіктегі су қоймалары келесі жылғы суару маусымына су жинау режимінде жұмыс істеп жатыр. Ал солтүстік, батыс және шығыс облыстардың қоймаларынан су жіберілуде. Бұл көктемгі су тасқыны кезінде еріген қар суын қабылдау үшін бос сыйымдылықтарды қамтамасыз ету үшін жасалады. Бүгінгі таңда солтүстіктегі су қоймалары 79 пайызға толды. Батыс облыстар бойынша су қоймаларының орташа су жинау көлемі 44 пайыз шамасында. Шығыстағы су қоймалары 89 пайызға толы болса, Орталық Қазақстандағы су қоймаларында 85 пайыз су бар.
Жауаптылардың сөзінше, бүгінгі таңда барлық су қоймалары бекітілген кестеге сай жұмыс істеп жатыр. Алайда жұмыс кестесі су тасқынына қатысты болжамдарға байланысты түзетілетін болады. Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында министрлік барлық облыстарға су басу қаупін азайту жөніндегі іс-шаралардың тиімділігін арттыратын жерснарядтар секілді мамандандырылған техниканы пайдалана отырып, өзен арналарын тазарту жөнінде ұсыныс жіберген. Бүгінде ол бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.

Ж.БАЛАУСА.