СОҢҒЫ БІРНЕШЕ ЖЫЛДА БАСПАНАНЫ ЖАЛҒА АЛУ ҚҰНЫ 3,5 ЕСЕГЕ ӨСТІ
Еліміздегі ең маңызды мәселенің бірі – баспана. Өкінішке қарай, бүгінде баспанаға жарымай жүрген жұрт көп. Өйткені нарықтағы құны күн санап өсіп барады. Оны баршаның бірдей қалтасы көтермесі анық. Сондықтан үлкен қалаларда жұмыс істейтін жұртшылық жалдамалы пәтер жағалауға мәжбүр. Нарықта сұраныс жоғары болса, бағаның аспандап шыға келетіні айқын. Бұл тұрғыдан келгенде, еліміздегі баспананы жалға алу бағасы да қалтаға қонымды емес. Мұны ресми статистика дәлелдеп отыр. Осы орайда, газетіміздің бүгінгі санында нарықтағы жалдамалы пәтерлердің құны турасында тарқата баяндағанды жөн санап отырмыз…
Бұған дейін бір топ мәжілісмен өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жалға беру нарығын реттеуді енгізу туралы ұсыныспен жүгінген болатын. Бастамашы — «Республика» партиясынан сайланған депутат Нұргүл Тау. Ол жалға берілетін баспанаға шекті бағаны енгізу және барлық жалға берілетін пәтерлерді жайлылық деңгейі бойынша жіктеу қажет деп санайды. Осы тұста ресми деректерді келтірейік. Ұлттық статистика бюросы таратқан деректерге сенсек, 2018–2023 жылдар аралығында Қазақстанда жайлы тұрғын үйді жалға алудың орташа құны 3,5 есеге – шаршы метрі үшін 1,4 мыңнан 4,9 мың теңгеге дейін өсті. Қарқынды өсу 2022 жылы орын алды. Бұған Ресейден қоныс аударушылар әсер етті. Саяси ахуал басылғаннан кейін жағдай тұрақталды, бірақ құны бұрынғы қалпына келген жоқ. Бағалар әлі де шаршы метріне 4 мың теңгеден жоғары. 2024 жылдың тамызында Қазақстандағы жалдамалы тұрғын үйдің орташа құны шаршы метріне 4,4 мың теңгеден сәл жоғары болды. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғыдан 4,2 пайызға артық. Бұл туралы Finprom.kz деректерінде де көрсетілген.
Ең қымбат жалға берілетін пәтерлер еліміздің ірі қалаларына тиесілі. Дәл осы мегаполистердегі баға белгілері тұрғын үйді жалға алу құнының республикалық орташа көрсеткішін көтеріп отыр. Елдің барлық басқа ірі қалалары орташа мәнге жете алмайды. Мысалы, Алматыда пәтер жалдау құны бір шаршы метрге 5,3 мың теңгені, Астанада бір шаршы метрге 4,6 мың теңгені құрайды. Осылайша, ауданы 50 шаршы метр болатын екі бөлмелі шағын пәтерді жалға алу үшін алматылықтарға ай сайын 264 мың теңге, астаналықтарға 230,8 мың теңге төлеуі қажет. Агрегаторлардағы жарнамаларды талдауға қарағанда, бұл сомалар орташа баға диапазонын көрсетеді. Сол көлемдегі пәтерлерді 350–500 мың теңгеге, тіпті оданда қымбат бағаға кездестіруге болады. Ал көптеген облыс орталықтарында жалға алу бағасы шаршы метрі үшін 3 мың теңгеден аспайды. Өнеркәсібі нашар дамыған қалаларда жалға алудың ең арзан нұсқалары — Тараз, Түркістан қалаларында кездеседі. Оларда пәтер жалдау құнының шаршы метрі сәйкесінше 2,1 мың және 2,4 мың теңге. Тағы тоғыз депутат қолдаған мәжілісменнің ұсынысы студенттер немесе баспана сатып алуға жағдайы келмейтін азаматтар сияқты жалға алушылардың санаттарын қорғауға бағытталған. Алайда, жалға беру нарығын мемлекеттік реттеу туралы ұсыныстың өзі мақсаттылықты білдірмейді, бірақ барлық жалға алушыларға қатысты мәселені жалпылайды. Халық қалаулыларының сұрауында мемлекет нарықтық экономика заңдарына қайшы, азаматтардың бір санатының құқықтарын екіншісінің пайдасына қалай шектеуі керектігі көрсетілмеген. Құжатта жалға беру қызметтерінің неден тұратыны және олардың неге қымбаттап жатқаны туралы аналитикалық сипаттама жоқ. «BNS» таңдамалы сауалнамаларының нәтижелері бұл сұрақтарға ішінара жауап беруге көмектеседі. Жыл сайын статистиктер әлеуметтік сауалнамалар жүргізеді және тұрғын үйді жалға беру бойынша көрсетілген қызметтердің құнын есептейді. Бұл деректер 2018 жылдан 2023 жылға дейін қазақстандықтар тұрғын үй жылжымайтын мүлігін жалға беруден түскен табысын 2,3 есеге, яғни 42,6 млрд теңгеден 98,5 млрд теңгеге дейін ұлғайтқанын көрсетеді. Сонымен қатар мұндай қызметтерді көрсетуге шығындар да 2,6 есе өскен. Соңғы бірнеше жылда тұрғын үйді жалға беру қызметтері құнының шығындарының үлесі 20 пайыздан 23 пайызға дейін өсті. Сондай-ақ, ресми статистикада ипотекадағы пәтерлерді жалға беретін жалға берушілердің несиелері бойынша төлемдер көрсетілмегенін атап өткен жөн.
Осы орайда, дамыған елдердің тұрғын үйді жалға беру нарығындағы жоғары ставкалар мәселесін шешу тәжірибесін талдап көрейік. Материал аясында АҚШ, Германия, Франция мемлекеттік бағдарламалары бойынша деректер зерттелді. Бұл елдер саясатының негізгі бағыты — ай сайын жалдау ақысын төлеу өте қиын азаматтардың нақты санаттарын қолдау. Аталған елдерде мемлекет тұтастай алғанда нарықтың дамуына кедергі келтірмейді, бірақ оған ең қиын қатысушыларға көмектеседі. Мысалы, АҚШ-та «Сегізінші бағдарлама» деп аталатын жоба 80 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істейді. Оның шарттарына сәйкес, аз қамтылған отбасылар, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар баспанаға жолдама алып, оны жалдау ақысын толық немесе бір бөлігін өтеуге пайдалана алады. Ол үшін кезекке тұрып, табысыңыз туралы құжаттарды ұсыну қажет. Германияда да осындай бағдарлама бар, оны «Wohngeld» деп атайды. Бұл — ай сайынғы жиынтық табысы белгілі бір деңгейге жетпеген жалдаушылар алатын жалдау ақысының 50 пайызы мөлшеріндегі тұрғын үй жәрдемақысы. Неміс ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл жеңілдікті жылына 600 мыңнан астам азамат пайдаланады. Францияда билік аз қамтылған азаматтарды жалға алу құны нарық құнының жартысын құрайтын әлеуметтік баспанамен қамтамасыз етуге дайын. Дүниежүзілік тәжірибемен салыстыра отырып, біз Қазақстанның халықтың ерекше санаттарына атаулы қолдау көрсетуге ұмтылысын атап өтуге болады. Сондай-ақ елде азаматтардың жекелеген санаттары үшін отбасылық бюджетке жалдау ақысының қаржылық жүктемесін азайтуға көмектесетін бірнеше мемлекеттік бағдарламалар бар. Мысалы, Қазақстан Республикасында Германиядағыдай жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасы бар. Оның қатысушылары — көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, жетім балалар мен мүгедек балалар. Олар жалдау ақысының 50 пайыз мөлшерінде субсидия алуға құқылы. Мегаполистердің жастары үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы әзірленді және жұмыс істейді. Оған Алматы, Астана немесе Шымкент қалаларында тұрақты тіркеуі бар және айына кемінде 40 АЕК немесе 147,7 мың теңге алатындар ғана қатыса алады. Осы бағдарламаға қатысудың арқасында 35 жасқа дейінгі жастар үш жыл бойы айына 15 мың теңгеден аспайтын жалдау ақысын төлей алады және ипотека бойынша бастапқы жарна үшін жинақ жинап үлгереді. Сонымен қатар, халықтың негізгі әлеуметтік осал санаттары сатып алу құқығынсыз жалға алудың жеңілдік шарттарын пайдалануға құқылы. Қорыта айтсақ, нарықтағы баға күн санап өсіп барады. Инфляцияны ескерсек, мұның жуық арада тоқтай қоюы немесе бұрынғы қалпына түсуі екіталай. Сондықтан ең кемінде мемлекеттік бағдарлама арқылы үй алуға талпыныс жасаудан басқа жолды әзірге көріп отырғанымыз жоқ…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.