ЖАЛПЫ ІШКІ ӨНІМ 4 ПАЙЫЗҒА АРТТЫ
Соңғы жылдары елімізде инфляцияны ырықтандыру мақсатында қыруар іс атқарылды. Нәтиже көзге көрініп келеді. Инфляция біртіндеп төмендеп жатыр, ал елімізге келсек, қазір экономикалық жағдай – тұрақты, динамика – оң. Бұл туралы Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов мәлім етті.
Ұлттық банк төрағасының сөзінше, биыл жаһандық экономиканың дамуына геосаяси тұрақсыздық ықпал етіп жатыр. Бұл бірқатар әскери қақтығыстарға, әлемдегі сауда-саттық пен инвестициялардың төмендеуіне байланысты. Халықаралық валюта қорының жаңартылған болжамы бойынша, әлемдік экономиканың өсуі 2024 және 2025 жылдары 3,2 пайыз болады. Орталық банктер өзінің қатаң монетарлық саясатын сақтағандықтан, жаһандық инфляциялық процестер баяу қалыптасып отыр. Дегенмен қазір дамыған елдерде инфляция орталық банктердің нысаналы көрсеткішіне жақын. Бұл жетекші елдердегі орталық банктердің ақша-кредит саясатын біртіндеп жеңілдетуіне жағдай жасайды.
Биыл қаңтар-қыркүйек айларында жалпы ішкі өнім 4 пайызға артты. Экономиканың барлық секторында өнім шығаруда өсім бар. Ең жоғары өсім ауыл шаруашылығында, құрылыс пен көлік саласында байқалып отыр. Инфляция біртіндеп төмендеп келеді. Қыркүйектің қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 8,3 пайыз болды. Бұл 2023 жылғы ең жоғары көрсеткішпен салыстырғанда 2,5 есе төмен. Алайда, бұл көрсеткіш Ұлттық Банктің 5 пайыздық таргетінен әлі де алыс.
«Уақыт».