КЕЗЕКТІ СЕССИЯДА БЮДЖЕТ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Шымкент – халық саны миллионнан асатын еліміздегі үш қаланың бірі. Сәйкесінше, қалада түрлі түйткілдер баршылық. Оны шешуге қаржы қаралуы керек. Дәл осы мәселе жуырда ғана өткен мәслихат сессиясында талқыланды. Маңызды жиында басым бағыттар сарапталып, назарға алынды. Бұл ғана емес, алдағы уақыттағы қаланың даму тетіктері қарастырылды. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында кеңірек тарқатпақпыз…

Тарқата баяндасақ, жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен сегізінші шақырылымдағы мәслихаттың кезекті ХХI сессиясы өтті. Күн тәртібінде қалалық қоғамдық көлікте жол жүру төлемақысы тарифіне келісім беру, «2024 – 2026 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті туралы» мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу, қала әкімдігінің жанындағы терроризмге қарсы комиссияның дербес құрамын бекіту және өзге де өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ Шымкент қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасын екіге бөліп, қайта құру шешімі қабылданды.
Бұдан бөлек қала әкімі қазіргі таңда халықтың өмір сүруіне тікелей әсер ететін маңызды шешімдер қаралып жатқанын атап өтті. Соның бірі — бұрын жекешелендірілген сумен жабдықтау және су бұру стратегиялық нысандарын мемлекет меншігіне қайтару мәселесі. Халық қалаулылары да даулы мәселеге қатысты өз пікірлерін ортаға салды. Стратегиялық нысанды мемлекет меншігіне қайтару — тарифтік шығындарды ұстау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Сондықтан қала басшысы қолдау білдірген депутаттарға алғысын айтып, барлығын жұмыла әрекет етуге шақырды.