БИЫЛ КОММУНАЛДЫҚ ТАРИФТЕР ҚЫМБАТТАДЫ
қазақстандықтар оған
қанша ақша жұмсайды?
Биыл елімізде коммуналдық тарифтер біршама өсті. Әрине, бұған себеп те жоқ емес еді. Өйткені саладағы инфрақұрылым ескі. Жөндеуді қажет етеді. Мұны шешу үшін тарифке арқа сүйемесек, бұл түйткілдердің түйінін ағытуға қыруар қаржы қажет. Оны қазіргі уақытта бюджеттің көтере алмасы анық. Дегенмен жаһандық статистиканы қарасақ, еліміздегі коммуналдық қызметтердің ақысы аса қымбат емес. Тіпті, отбасылық бюджетке ауқымды салмақ салмайды. Осы орайда, бүгінгі материалымызда аталған тақырыпты кеңірек тарқатпақпыз…
Numbeo сарапшыларының жаңа деректеріне сүйенсек, Қазақстанда көлемі 85 шаршы метр пәтер үшін электрмен жабдықтау, жылу, кондиционерлеу, сумен жабдықтау және қоқыс шығару қызметтерінің құнын қамтитын коммуналдық қызметтердің орташа айлық құны 2024 жылы небәрі 57,1 АҚШ долларын немесе шамамен 27 мың теңгені құрады. Салыстырып көрсек, Ресейде көлемі дәл осындай тұрғын үйге арналған коммуналдық қызметтердің айлық құны 90,5 АҚШ долларын құрайды. Арменияда — 130,4 АҚШ доллары, Молдовада — 218,5 АҚШ доллары, ал Балтық елдерінде, оның ішінде Литвада — 218 АҚШ доллары, Эстонияда — 303,5 АҚШ доллары, Латвияда — 313,8 АҚШ доллары және ЕО-ның жетекші мемлекеттерінде, атап айтқанда, Ұлыбританияда — 328,4 АҚШ доллары, Германияда — 336,9 АҚШ доллары, Австрияда — 390,5 АҚШ доллары шамасында. Демек қазақстандықтар коммуналдық қызметтер ақысын көрші ТМД елдерінің және Еуропа елдерінің тұрғындарына қарағанда, бірнеше есе арзан төлейді. Тағы бір маңызды мәселе, Numbeo – еуропалық портал, деректерді Еуропаның тұрмыстық жағдайына сай есептейді. Бізде 85 шаршы метр тұрғын үй — бұл өте үлкен үш бөлмелі немесе, тіпті, төрт бөлмелі пәтер болуы мүмкін, яғни, пәтерлердің ең көп тараған түріне жатқыза алмаймыз. Егер Қазақстандағы орташа көлем бойынша есептесек, онда ауданы 30–35 шаршы метр болатын бір бөлмелі пәтер үшін коммуналдық қызмет ақысы айына орта есеппен 9-11 мың теңгені, 50–55 шаршы метр екі бөлмелі пәтер үшін 16-17 мың теңгені құрайды. Бұл туралы Еnergyprom.kz зерттеуінде көрсетілген.
Енді жалпы коммуналдық қызметтердің құнын емес, оның жалақыға шаққандағы үлесін саралап көрейік. Қазақстан үшін орташа жалақы барлық салықтарды төлегеннен кейін, Numbeo деректеріне сәйкес, 586,2 АҚШ долларын немесе шамамен 283 мың теңгені құрады. Айта кетерлігі, бұл Ұлттық статистика бюросының орташа жалақы туралы деректерімен сәйкес келеді. Оны ішінара тарқатсақ, Қазақстанда коммуналдық қызметтер үшін «таза» жалақының небәрі 9,7 пайызы жұмсалады. Бұл — көршілес Өзбекстандағы ұқсас көрсеткішпен қатар, посткеңестік кеңістіктегі барлық елдер арасында ең төмен көрсеткіш. Беларусь көшбасшылардың үштігіне енді, онда коммуналдық қызметтердің құны орташа жалақының 10,6 пайызын құрады. Егер сіз коммуналдық қызметтердің құнын нақты шаршы метр үшін есептесеңіз, онда жалақыдағы үлес небәрі 6,3 пайызды құрайды, ал егер сіз кем дегенде екі отбасы мүшесінің жұмыс істейтінін ескерсеңіз, онда екі жалақы есебінен отбасы үшін аталған көрсеткіш әлдеқайда аз болады, тек 3,2 пайызды құрайды. Алайда, мұндай нақты деректерсіз-ақ, ТМД елдері мен басқа да посткеңестік мемлекеттердің аясында Қазақстанда коммуналдық қызметтер ақысы әлі де өте арзан екенін көреміз, яғни, сәйкесінше, азаматтардың қалтасына да аса ауыр салмақ салмайды.
Өзге мемлекеттерге ойыссақ, Әзірбайжанда 85 шаршы метрлік үлкен пәтер үшін коммуналдық қызметтердің құны таза орташа жалақының 12,9 пайызын, Ресейде 16,5 пайызын, Арменияда 21,7 пайызын, Молдовада, тіпті, 36 пайызын құрады. Қазақстанның көрсеткіштері Венесуэла, Боливия, Ұлыбритания және Германия сияқты дамушы және дамыған елдердің көрсеткіштеріне жақын. Мысалы, бұл көрсеткіш Румынияда 16,4 пайызға, Чехияда 18,5 пайызға, Сербияда 22 пайызға жетеді. Бұл тұрғыда антилидерлер қатарына Пәкістан мен Куба жайғасты. Әрине, мұның барлығы – халықаралық сарапшылардың пікірі. Ал еліміздегі статистика не дейді? Зерттеп қарасақ, жағдай ұқсас. Ұлттық статистика бюросы деректері бойынша ағымдағы жылдың екінші тоқсанында коммуналдық қызметтерге, тұрғын үйді күтіп ұстауға және жөндеуге байланысты үй шаруашылығының ақшалай шығыстары 46,9 мың теңгені құрады. Яғни айына шамамен 15,6 мың теңге болып отыр. Сонымен қатар қазақстандықтардың шығыстарының жалпы көлеміндегі шығындардың үлесі тек 5 пайызды құрайды, өткен жылмен салыстырғанда, небәрі 0,1 пайыздық тармаққа артық. Қазақстанның ішкі статистикасы да, сыртқы аналитиктер де еліміздегі коммуналдық қызметтер ақысы отбасылық бюджетке аса салмақ салмайды деп отыр. Әрине, тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларының проблемалары әрқашан өзекті болып қала береді, олар үшін кейде аз соманың өзін төлеу ауыр болуы мүмкін, осындай жағдайлар бойынша Қазақстанда тұрғын үй көмегі бойынша арнайы жүйе жұмыс істейтінін де ұмытпауымыз керек. Қорыта айтқанда, коммуналдық қызметтердің тарифі өскенімен, жаһандық жағдаймен салыстырғанда әлі де баға төмен екеніне көзіміз анық жетті. Дегенмен елдегі халықтың тұрмыстық ахуалын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Өйткені орташа жалақының көлемі үлкен болғанымен, көптеген қазақстандықтардың ондай айлық табысы жоғын да ұмытпауымыз тиіс. Бұл енді өзге тақырыпқа арқау болатын мәселе сияқты…
С.НҰРАЙ.