ЕНДІ ЖОЛ АҚЫСЫ ТЕК ЭЛЕКТРОНДЫ ТҮРДЕ ҚАБЫЛДАНАДЫ

Шымкент қаласының халқы жылдан-жылға көбейіп келеді. Мұның өзі қаладағы көлік қозғалысына ауқымды салмақ салады. Сәйкесінше, аталған бағыттағы мәселелерді шешу мақсатында әкімдік тарапынан қыруар іс атқарылып жатыр. Мәселен, қоғамдық көлік қатынасы жақсара түсті. Бұл ғана емес, жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында да бірқатар бастамалар көтеріліп жатыр. Осы орайда, газетіміздің осы санында аталған тақырыпты кеңірек тарқатпақпыз…

Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасымен арнайы қаулы әзірленіп, қоғамдық көлікте қолма-қол төлем түрі жойылды. Енді төлемді тек электронды жолмен – көлік картасы, QR код, СМС, банк карталары, арнайы қосымшадан NFC және Apple pay, Google pay, Samsung pay арқылы ғана жасауға болады. Бұған дейін қоғамдық көлікте қолма-қол төлем түрін жүргізушінің өзі жүргізетіндіктен, көлік құралын басқарудан алшақтауға мәжбүр болатын. Бұл жолаушылардың, жол қозғалысының басқа да қатысушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Оған қоса, қоғамдық көлік жүргізушісі мен жолаушылар арасында жиі түсініспеушіліктер орын алатын. Жыл басынан бері қоғамдық көлік бойынша түскен 6 мың арыз-шағымның 3 мыңнан астамы жүргізушілерге қатысты. Оның ішінде, жолаушыларды қолма- қол ақшамен төлеуге мәжбүрлеу, қасақана есіктерді ашпау жайттары тіркелген.
Бұдан бөлек, жүргізілген талдауға сәйкес автобустарда 97 пайыз транзакциялар электрондық жүйелері арқылы, ал қалған 3 пайызы ғана қолма-қол ақшамен төленген. Бұл көрсеткіш те жолаушылар үшін электронды жүйенің тиімді екенін көрсетеді. Енгізілетін өзгерістердің нәтижесінде көлеңкелі ақша айналымы, қоғамдық көліктердің бекітілген уақытынан кешігуі және жол көлік оқиғалар көрсеткіші айтарлықтай төмендейді. Айта кетейік, бүгінгі таңда мегаполисте 80 тұрақты маршрутта күнделікті 947 автобус жолаушыларды тасымалдауда.