ОРДАБАСЫДА ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Еңбек адамы елді дамытады. Саналы ғұмырын белгілі бір саланың дамуына арнаған білікті де кәсіби мамандар қазірде көп. Сәйкесінше, жыл сайын мемлекетімізде кәсіби мерекелер де аталып өтеді. Міне, осындай атаулы датада еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп, марапаттар беріледі. Жуырда осындай шара Ордабасы ауданында өткен еді. Тарқатайық…

Ашып айтсақ, Ордабасыда ұстаздар қауымының төл мерекесіне орай, «Ұзтаздың жолы — ұлы жол» салтанатты іс-шарасы өтті. «Ұстаздар күні» мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған жиынға аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысты. Аудан басшысы өз сөзінде «Құрметті ұстаздар! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен құттықтаймын! Жалпы ұстаздар қауымы жайында халқымыздың хас батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет. Себебі ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ әкелген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты ары қарай тәрбиелеп, білім беретін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген сөзі бар. Әрқашан денсаулықтарыңыз мықты, өмір жастарыңыз ұзақ болып, отбасыларыңыз береке-бірлікпен көркейсін. Өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатуда жаңа биіктерден көріне беріңіздер» деп атап өтті. Сонымен қатар Ордабасы ауданының білім саласында қажырлы еңбек етіп, үздік шәкірттер тәрбиелеген бірқатар ұстаздарды облыс әкімі Дархан Сатыбалдының «Алғыс хатымен», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен және Алғыс хаттармен марапаттады. Іс-шара соңында ұстаздар мен оқушы өнерпаздар әннен шашу шашып, бишілер көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Айта кету керек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтқан еді. Нақтырағы «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн» деген болатын мемлекет басшысы. Осы орайда, Ордабасыда өткен жиын еңбек адамына көрсетілген жоғары құрмет болды деп нық сеніммен айта аламыз.