ОҚУШЫЛАРҒА ҚҰНДЫ КЕҢЕСТЕР БЕРІЛДІ
Лудомания – қоғам үшін өзекті мәселе. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта бұл тәуелділік түріне ұрынғандардың қатары қалың. Тіпті, мектеп оқушылары да құмар ойынға бәс тігеді деген дерек әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарын шарпып жүр. Осы орайда, елдің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақ екенін ескерсек, бұл түйткілмен күресудің маңызы айрықша. Бұл бағыттағы шаралар елімізде сәтті жүзеге асып келе жатыр. Оның ішінде Түркістан облысында қолға алынған шаралардың қатары қалың.
Мәселен, осы аптада Түркістан облысы, Жетісай ауданы білім бөліміне қарасты «№71 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 7 «А»сыныбына мектеп психологы Г.Претова, әлеуметтік педагог Г.Төлегенова және сынып жетекшісі Г.Айдарова «Лудомания ғасыр дерті!» тақырыбында сынып сағатын өткізді. Бұл шараның мақсаты — оқушылардың қазіргі уақыттағы ойын мәселесі туралы түсінігін қалыптастыру, құмар ойынның зардаптарын ұғындыру, сонымен қатар өскелең ұрпақты адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелеу. Педагогтердің айтуынша, соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Осы орайда, лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс. Жаңа экономикалық жол біздің елімізді өмір сүру жағдайының өзгеруіне ғана емес, сонымен қатар жаңа психологиялық тәуелділіктің пайда болуына алып келді. Кейбір ойын автоматтары немесе лотереялар құлазуды басу үшін зиянсыз құрал болып көрінеді. Алайда соңғы уақытта адамдар ойынға жаппай тәуелді бола бастады. Ойынға деген құштарлық — бұл ойын деп аталатын психологиялық тәуелділік.
Ата-бабамыз «Ойынға ойсыз құмар» деп дөп басып айтқан. Бабалар тарихына үңілсек, құмар ойнау деген ұғым қазақ танымында болған емес. Дінімізде де бәс тігуді құп көрмейді. Бұл – біріне бизнес болса, біріне құмарын қанағаттандыратын іс. Отбасының берекесін қашырып, азғындыққа апаратын бұл індеттен сақтану үшін әр адам өз құмарлығы мен нәпсісін тыя білгені дұрыс. Құмар ойынға салыну — өз өміріңді құрдымға жіберу деген сөз. Осы және өзге де ойлар айтылған ашық сабақ барысында педагог пен психолог оқушылар тарапынан қойылған сауалдарға толымды жауаптар берді.